23 Қантар 2019
750

Сырымда «Smart Syrym» қосымшасы іске қосылған

 

2018 жылдың төртінші тоқсанынан бастап андройд базасындағы смартфондарға арналған Smart Syrym мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымша Сырым ауданы әкімдігінің арнайы тапсырысымен «IT Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің вебстудиясында дайындалған.

 

Бұл мобильді қосымшаның ең бірінші әрі бұлжымайтын жалғыз мақсаты - халықтың игілігіне қызмет ету. Яғни, Smart Syrym мобильді қосымшасы арқылы халық екі аяққа күш түсірмей, ең бастысы уақытын жоғалтпай ауданның әкімінен бастап барлық мекемелердің басшыларының қабылдауына жазылып, дәрігерлердің де қабылдауына немесе медициналық ұйымға тіркеліп, керек болса сол дәрігерді үйге шақырып, қыруар шаруаны ұялы телефонның көмегімен шеше алады. Бос жұмыс орындарын қарау, салықтар мен айыппұлдарды төлеу, аудан бойынша бос жерлердің тізімі мен балабақша кезегін қарау, күнделік.kz сайты арқылы оқушылардың оқу үлгерімін тексеру, балабақша төлемдері мен үйдің коммуналдық төлемдерін төлеу қызметтері де қосымшада бар. Smart Syrym арқылы такси қызметін пайдалануға, тіпті теміржол мен әуебилеттеріне тапсырыс беруге болады. Қосымшаны қолданушылар ауданның жаңалықтарымен де таныса алады.

 

- Smart Syrym мобильді қосымшасын «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының үлкен табысы деуге болады. Қондырғыда халық үшін тиімді функциялар көп. Бұл функциялар әлі жетілдіріліп, дамытылады. Алдағы уақытта Smart Syrym мобильді қосымшасы IOS операциялық жүйелері үшін де қолжетімді болады. – дейді Сырым ауданы әкімі аппаратының маманы Қайрат Ишанғалиев.

 

Бауыржан Ширмединұлы,


Сырым ауданы


© zhaikpress.kz