24 Қантар 2019
401

Қарағанды мен Құспанкөлде медпункт күрделі жөндеуден өткен

 

Сырым ауданында ауылдық округ әкімдерінің ел алдындағы есептік кездесулері жалғасуда. Тоғанас ауылында Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиевтің есептік жиналысы өтті.

 

         Былтыр бұл округте білім беру саласы бойынша бірқатар жұмыс атқарылған. Құспанкөл ауылындағы бастауыш мектебіне демеушілер есебінен акт залы және қосымша бөлме салынған. Сонымен бірге В.И.Шубин атындағы мектептің ауласына 304 шаршы метр өрнектас төселіпті. Дегенмен, округ орталығындағы мектептің терезелерін ауыстыру мәселесі әлі күнге шешілмей отыр.

 

         Округте денсаулық сақтау саласы бойынша да серпіліс бар. 2018 жылы Қарағанды және Құспанкөл медициналық пункттеріне жалпы соммасы 26 млн. теңгенің құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, Аңқаты медициналық пункті ағымдағы жөндеуден өткен. Жақсылықтар осы жылы инфрақұрылым жағына қарай ойысып, 2019 жылы округ орталығы Тоғанас және Құспанкөл, Аңқаты ауылдары орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылады.

 

         Есептік жиналыста шолақаңқатылықтар біраз мәселені ашық айтты. Ауыл тұрғыны Мержан Әміровтің айтуынша, ауыл көшелеріндегі жарықшамдардың жануынан сөнуі көп. Тіпті, бір көшенің басында бір ғана жарықшам қалған күндер болған. Округ әкімі Тимур Айтқалиевтің сөзіне сенсек, биыл жарықтандыру жұмысы жолға қойылып, округ бойынша 42 жарықшам электрүнемдеуіш шамға ауыстырылмақ.

 

         Округте жарықшамның ғана емес, жалпы жарықтың сөнуі де жиілеген. Жиналысқа арнайы қатысқан Ақжайық электр торабы мекемесінің басшысы Талғат Тапалов бұл мәселеге қатысты берген түсініктемесінде, ауылішілік электр желілерінің расымен де тозғанын айтты. Бұл желілер талап бойынша 25 жылдан кейін толық жаңартылуы керек, ал жаңарту жұмыстары түгілі, округ аумағында электр желілеріне дұрыс жөндеу жүргізілмегелі 50 жыл болған.

 

         Тұрғындар Шолақаңқаты ауылдық округінің табиғи ресурсын қорғау, мал ұрлығына кінәлілерді анықтау, балабақша ашу, мешіттің жұмысын жолға қою сияқты жергілікті маңызы бар мәселелерін де көтерді.

 

       Жиналысты Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады. Аудан әкімі округке бойынша Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы аясында сапалы жұмыстар атқаруды, мақаладан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда белсенді болуды тапсырды.

Бауыржан Ширмединұлы,

 

Сырым ауданы

 

© zhaikpress.kz