25 Қантар 2019
389

Қаракөлде 40 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар

 

Қаратөбе ауданы әкімі Жанат Асантаевтың халық алдындағы есептік кездесуі Қаракөл ауылдық округінде жалғасты.

 

Жиынның күн тәртібімен таныстырған округ әкімі Нұржан Сахипов есепті кезеңде округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді.

 

– Округте 40 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен «Бастау Бизнес» бағытымен 9 азамат несие алуға ниет білдіріп, 4 тұлға білімін жетілдірді. 13 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтсе, 12-сі жұмысқа орналасты, - деген Нұржан Хамидоллаұлы округтегі әлеуметтік ахуалға да тоқталды.

 

Есептік кездесуде ауыл тұрғыны Рысбай Боранбаев ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызметтік көлігінің жағдайы сын көтермейтіндігін айта келе, жаңа көлік берілсе деген өтінішін жеткізді. Мектеп директоры Самал Жумина ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш алаңын күрделі жөндеуден өткізу жұмысын айтып, оған қаражат бөлінсе деген өтінішін жеткізді.

Тоты Есқайырова,

 

Қаратөбе ауданы

 

zhaikpress.kz