25 Қантар 2019
615

А.Жұмағалиев атындағы мектепке күрделі жөндеу қажет

 

Сырым ауданында А.Жұмағалиев атындағы мектепті күрделі жөндеу мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Ауыл мектебінің ахуалы Жосалы ауылдық округіндегі әкімдердің есеп беру кездесуінде тағы да айтылды.

 

         Бұл мектепте 126 оқушы білім алуда. Мектеп жанындағы балабақшада 18 бүлдіршін, даярлық тобында 14 бала, ал шағын орталықта 14 бала тәрбиеленуде. Мектептің директоры Әскербек Тәжіғалиевтің айтуынша, жылу батареялары әбден тозып, дәл қазіргі таңда мектептің акт залы мүлде жылусыз қалып отыр. Сонымен бірге, мектептің екінші және үшінші қабаты жарыққа жарымай тұр. Түбі мектеп түбегейлі жөнделеді ғой десек те, білім беру процесі бүгін жүріп жатқан жерде, сынып бөлмелері мен дәлізді жарықтандыруды ертеңге қалдыру қисынсыз секілді. Тамды ауылынан оқушы тасымалдайтын автобустың да «ауырып қалуы» жиілеген. Алдағы уақытта мектеп көлігіне арнап жылы тұрақ салу, не болмаса, жаңа көлік сатып алу керек.

 

         Мәселені тыңдаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев мектептің жағдайы оған әуелден белгілі екенін айтты. Бүгінгі күні ауданда жөндеуге сұранып тұрған 4-5 мектеп бар. Сол мектептердің қатарында тұрған А.Жұмағалиев мектеп кешеніне күрделі жөндеу күні келгенде жасалады. Бірақ, биыл емес. Мектептің ағымдағы мәселелері бойынша білім беру бөлімі тиісті ұсыныс дайындайтын болды.

 

         Округтегі жиналыста бұдан да басқа қоғамдық мәселелер айтылды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Батырғали Жәңгірханов 2018 жылы ауыл бойынша жасалған электр желілерін жөндеу жұмыстарына оң баға беріп, электр қуатын ауылға тарату жүйесін жаңартуды сұрады. Өйткені, ауылдың кейбір көшелерінде токтың кернеулігі азайып кеткен. Ардагерлер кеңесінің төрағасы ауыл тазалығына әкімдік емес, тұрғындардың өзі жауапты болуы жөнінде де өте жөнді мәселе айтты.

 

         Ауылдағы мәселелерге жергілікті шаруа, «Қадыржан-Қанат» ЖШС директоры Қанат Қатжанов айтқан кіреберіс жолды күтіп ұстау мен қардан тазалау, ауылдағы күрес үйірмесінің жаттығу залын жабдықтау, Қармыс бөгетін жұмыстары да кіреді. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда Қармыс бөгетін жөндеудің жобалық -сметалық құжаттары дайындалуда. 

 

Бауыржан Ширмединұлы

 

Сырым ауданы

 

zhaikpress,kz