28 Қантар 2019
463

Есептік кездесулер нақты жұмыстарға себеп болуда

 

Әкімдердің ел алдындағы есептік кездесулері нақты жұмыстарға себеп болуда. Мысалы, Сырым ауданы Бұлдырты ауылындағы былтыр өткен есептік кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген 7 мәселенің 5-еуі шешімін тапқан.

 

Атап айтқанда, 2018 жылы Бұлдырты мектебінен ауыл тарихына арналған музей ашылып, Қарақұдық ауылының бұрылысына сол ауылдың тумасы, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы Ж.Досмұхамедовке арналған белгі қойылған. Сонымен бірге, мектептің еңбек сыныбын жабдықтау, Қарақұдық ауылының электр желісін округ орталығынан бөлу, Көгеріс ауылындағы бөгетті бітеу жұмыстары да сәтті аяқталыпты.

 

Бұлдырты ауылдық округінде өткен әкімдердің есептік жиынында ауыл тұрғыны Янгүл Төребаева іскерлігі үшін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен округ әкімі Ерлан Мақашевқа алғыс білдірді. Айта кетейік, мектепке қатысты ұсыныстардың денін былтыр осы азаматқа көтерген болатын.

 

Есептік баяндамаларды тыңдағаннан кейін бұлдыртылықтар әкімдердің назарын тағы да бірнеше мәселеге аударды. Оның бірі – «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілердің көмегімен салынған нысандарды тұрғындардың ұқыпсыз пайдалануы болып отыр. Ауыл тұрғыны Қарлығаш Ақтамғалиева ауылдастарын жасалған жақсылықтарды бағалауға, ауыл азаматтарының туған жеріне жасаған құрметіне құрметпен жауап беруге шақырды.

 

Бұлдыртылық ақсақал Чапай Есенғалиев аудан орталығынан жолаушыларға арналған автовокзал ашуды сұрады. Ата-аналар жағы мектеп ауласына техникалық су тарту мәселесін көтеруде. Бұдан бөлек, бүгінгі күні округтің күн тәртібінде ауылдағы спорт алаңының төсемесін ауыстыру мен жаңа спорт кешенін салу мәселелері тұр. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев нысанның құрылысына уәде бермегенмен, қалған ұсыныстардың жүзеге асуына ықпал жасайтынын айтты.

 

Жиналыстан кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

 

Сырым ауданы

 

zhaikpress.kz