30 Қантар 2019
552

Қазталовта кітапқұмарлар клубы құрылмақ

 

Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде жастармен бейресми кездесу өткізді.

 

         - Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңында жастар саясатының мақсаты – жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау екені көрсетілген. Мәселен, білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бар. Ал «StartapBolashak» бизнес-жобалар байқауы ғылым мен технология, инновацияға жақын жастардың танылуына мүмкіндік береді. Ал осындай мүмкіндікті пайдаланғандар қатарында Қазталов ауданының жастары болса нұр үстіне нұр. Біз сіздерден жарқын жобалар күтеміз, - деді аудан әкімі Абат Абайұлы.

 

         Кездесу барысында аудан жастары түрлі ұсыныс білдіріп, пікірлерін ортаға салды, жобаларын таныстырды. Мәселен, туризм және экология орталығының әдіскері Мағжан Нағымның көршілес Ресей елімен бірлескен туристік-өлкетану жобасы. Бұл жобаның мақсаты – еліміздегі туризмді, соның ішінде Қараөзен мен Сарыөзен арасындағы орналасқан ауданда су туризмін дамытып, алға қарай адымдау. Ол үшін облыстық және көрші ауданның туризм орталықтарымен келіссөздер жүргізіліп, аталмыш жоба мамыр айында жүзеге аспақ. Шара барысында Абзал Есенғазиев өзінің «Таным.Мейірім.Харекет» жобасын ұсынып, жобаның алғашқы қадамдарының жасалғанын айтты. Негізгі мақсаты – ауыл көшелеріне есімі берілген адамдардың өміржолы мен еңбектері туралы түсінік жұмыстарын жүргізу. Ал тереңкөлдік жастар киелі жануар киікті қорғау үшін «Киіктерді қорғаймыз» жобасы ұсынылды. Аудан басшысы Қазталов мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Абузарованың «Bookdating and smaill» жобасы бойынша кітапқұмарлар клубын құру үшін арнайы бөлме берілетіндігін айтты.