01 Ақпан 2019
523

Теректі ауданында әкелер форумы өтті

 

 Теректі ауданы орталығындағы Федоров қазақ мектебінде «Қамқор әке – бақытты балалық» тақырыбында әкелер форумы өтті.

 

         Форум жұмысына аталмыш білім ордасында білім алатын оқушылардың әкелері және аудан әкімі Әділ Жоламанов арнайы келіп қатысты.

 

         Жиырмадан астам әке қатысқан форумда сөз алған аудан басшысы басқосудың мән-мағынасына тоқталды.

 

         -Менің де бір ұл және бір қызым осы мектептің оқушылары. Сайып келгенде мен форумға әке ретінде қатысып, үлкен әсерде тұрмын. Қазір тіршіліктің күйбеңімен ұл-қыздарымызға жеткілікті деңгейде көңіл бөле бермейміз. Бұл жасыруға келмейтін шындық. Ұрпақ тәрбиесі-еліміздің ертеңінің жарқын болуы үшін аса маңызды. Бұрын әкелеріміз тәрбиені қабақпен беретін. Әкеміздің жанарынан бәрін біліп, сезіп отыратын едік. Бүгінгі таңда балаларымызға жұмсақтау қарап, еркелеткенді жөн көріп тұрамыз. Дейтұрғанымен, отбасылық өмірде әкенің рөлін арттыру үшін баламыздың бүгіні мен ертеңіне алаңдаушылық танытып, оның пікірін тыңдап, арман-мақсаттарын білуді ұмытпағанымыз абзал,-деді Әділ Тауфиқұлы.

 

         Форум аясында әкелер «Топтық ынтымақтастық» атты тренингке белсене қатысып, өзара танысты. Қамшы өрудің қыр-сырын видеролик арқылы жеткізген Ұлан Сайтмухаев және «Тектілік феномені» тақырыбында баяндама жасаған Тілеп Ниетқалиев секілді әкелердің сөздері өтімді болды. Форум қатысушысы Нұрдәулет Жаңабаев балаларын спорт пен өнерге баулып жүргенін сөз етсе, Ерғали Мырзағалиев тазы баптаудың құпияларын, атқа мінудің әдіс-тәсілдерін жіктеп айтып берді. Өнерге жақын әкелер қазақтың домбырасын күмбірлетіп, шараның шырайын келтірді.

 

         Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова әкелер форумы аудандық деңгейде өтетінін жеткізсе, мектеп директоры Галина Құрматова форумға қатысушы әкелерге алғыс білдірді.

 

         Айта кету керек, әкелер форуымына қатысушылар қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысып, робот жасаушы оқушылардың, тоғызқұмалақ ойынын жетік меңгерген оқушылардың жетістіктеріне қанықты. «Сұңқар» әскери клубының мүшелерімен тілдесіп, жас спортшылардың жеңістеріне тәнті болды.

 

         Дәл осындай әкелер форумы ауданың барлық мектептерінде өтуде.