01 Ақпан 2019
672

Әлеуметтік желі алауыздық тудырмауы тиіс

 

Сырым ауданында «Жаңа медиа: құралдар мен әдіс-тәсілдер» атты әлеуметтік желідегі белсенді авторлар мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған медиатренинг өтті. Медиатренингті Сырым аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жайық Пресс» ЖШС-ның Сырым аудандық филиалы «Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті ұйымдастырды.

 

Медиатренингке «Жайық Пресс» ЖШС-ның директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай, «Жайық Пресс» ЖШС-ның ақпарат бөлімінің жетекшісі, журналист Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Бағдат Ізмағанбет және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген авторлар мен «Сырым елі» газетінің белсенді оқырмандары қатысты. Шараны «Сырым елі» газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлы жүргізді.

 

 Ашылу салтанатында сөз алған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев:

 

-Бұл медиатренинг бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті атқарушы биліктің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыстана білуіне жол нұсқап, аудандық газеттің белсенді авторларының санын арттыруына әсер етері сөзсіз,-деді.

 

«Жайық Пресс» ЖШС директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай бүгінде төртінші биліктің қоғамда зор орны бар екенін, әлеуметтік желінің заман ағымына сай ықпалы күштілігін, желіге де жауапкершілік қажеттігін айтты.

 

Нұрлыбек Рахмановтың айтуынша, Қазақстанда бүгінде күніне 8 сайт тіркеледі екен.

 

-Жаңа медиаға серпін берген әлеуметтік желілер елімізде алғаш Майл.ру мен агент мессенджерінен басталды. Шетелдегі әлеуметтік желінің қалыптасуы мен біздің елдегі әлеуметтік желінің қалыптасу бағыты екі бөлек. Мысалы, фейсбук шетелдерде негізінен достармен, тума-туыс, әріптеспен қатынас құралы ретінде қалыптасқан. Бізде фейсбук – күрделі алаң. Мұнда адамдар саяси ой-пікірін ашық білдіреді. Ал инстаграм жеңілдеу қабылданатын, әдемі суреттерге толы әлеуметтік желі, - дейді медиатренер.

 

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Бағдат Ізмағанбет:        

 

-Елімізде қоғамдық пікір қалыптасатын алаңға айналған, саяси бағытқа ауып келе жатқан әлеуметтік желі – фейсбук. Проблемалық мәселелер бұл желіде көбірек қозғалады. Мәселені көтеру әрине дұрыс, дегенмен де қоғамдағы тұрақтылықты, ауызбіршілікті, елдің тыныштығын  сақтау – одан да маңызды. Сириядағы жағдайды өздеріңіз білесіздер, оның бәрі осы әлеуметтік желіден басталып, ел ішінде бүлік шығып, шиеленісті. Әлеуметтік желі арқылы қоғамда алауыздық тудырмауға БАҚ, жастар, әлеуметтік желіні пайдаланушылар мүдделі болуға тиіс,- деді.

 

Тренингке қатысушылар екі аудиторияға бөлінді. Мемлекеттік қызметкерлерге Нұрлыбек Рахманов, жас блогерлер мен тілшілерге Бағдат Ізмағанбет әлеуметтік желіні қолдануда нендей мәселелерге көңіл бөлу керектігі туралы айтты.

 

 –Әлеуметтік желі жеке құралыңыз. Оны кім қалай пайдаланады? Онда жаза білемін, айта білемін деген адамдар пікір жазады. «Біздің ауылымызда осындай нәрсе болып жатыр, болғалы жатыр, бола ма екен» деген ойларын білдіріп жатады. Жеке парақшамызда өз пікірімізді ашық жариялауға, жеткізуге болады. Өзіңіздің қызыққан, жаныңызға жақын нәрсені әлеуметтік желіден табуға болады. Оған тіркелерде, адам туралы ақпаратты сұрайды. Аты-жөні, туған күні, жұмыс орны, тұрғылықты жері, тағы басқа. Оның себебі – адамдардың ақпараты бір базада болуы керек. Суреттеріңіз, үйленгеніңіз, балаңыздың өмірге келгені, басқасы бар, базада сіз туралы ақпарат жиналады. Оны миллиондаған адам көріп отырады. Әлеуметтік желі арқылы адамдардың өмірін бақылауға болады. Адам – қоғамның мүшесі. Мемлекет сіз бен бізден тұрады. Бір елде тұрып жатқандықтан, тыныштықты сақтау бәріміздің міндетіміз. Әлеуметтік желіге нені жариялаймыз, жауапкершілік осыдан басталады. Терроризм туралы әңгіме айтатындар бар. Оларды ҚМДБ, ҰҚК назардан тыс қалдырмайды. Ұлтаралық араздықты туғызуды мақсат еткен желі қолданушылары да бар. Бұл жерде Елбасының саясаты – ауызбіршілік пен татулықты сақтау, соны біз де ұғып, алауыздық тудырудан аулақ болуымыз керек,- деді Бағдат Мәдиұлы.

 

 –  Газет, теледидар, радиоға қанша уақыт бөлесіз? Ал сайт пен әлеуметтік желіге қанша уақыт арнайсыз? Әр адам өз-өзіне осы сұраққа бере отырып, жаңа медианың өміріміздегі орнын анықтай алады. Халықтың негізгі қызығушылығы – Youtube желісінде. Ютубқа әлем бойынша бір күнде салынған барлық видеоны адам бүкіл ғұмырында көріп тауыса алмайды екен. Адам санасы бір секундта 120 бит ақпарат қабылдайды. Бір адаммен сөйлесу 60 бит деп есептелсе, сонда екі адаммен қатар сөйлесу 120 бит ақпарат. Егер сол екі адаммен қатар үшінші адам келіп ақпараттар айта бастаса, бізге қабылдау ауырлау болады. Қазіргі балалар туа сала телефонға әуес. Бізден гөрі олардың санасы көп ақпарат алуға бейім. Жастарды қарасаңыз, бір уақытта құлаққап киіп әуен тыңдап, телефоннан ойын ойнап, теледидарға да көз салып қойып, қасындағы адаммен де сөйлесіп отырады. Бұдан біз адам санасының біртіндеп ақпаратты қабылдау қасиеті күшейіп келетінін көреміз,- деді Нұрлыбек Нұрланұлы өз дәрісінде.

 

Түстен кейін де жалғасқан медиа-тренингте сұрақ қойылып, кері байланыс жасаумен әңгіме өрбіді.

 

Қорытынды бөлімде «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай:

 

– Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың көзі Һәм құлағы» болып қала береді. Заманға сай елімізде ақпараттық орта мықты дамып келеді. Баспасөз бен оқырманның арасындағы, мемлекет пен халықтың арасындағы байланыста кезек күтіп, сарылып отырмай, сауал-ұсынысты жолдауда әлеуметтік желінің орны орасан зор. Жаңа медиа құралдары да, әдіс-тәсілдері де көп. Бүгінгі тренинг сіздерге көмегін тигізгеніне сенімдімін. Оның жемісін бірер айда көреміз деген үміттемін. Штаттан тыс тілшілермен байланысты нығайту мақсатында олардың құзіреттілігін арттыруға ниет білдіріп отырмыз,-деді. Ардагер-журналист Махмет Қажиахметовке арнайы куәлік дайындалған, ал штаттан тыс тілшінің куәлігі С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева мен Қ.Мырзалиев атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Мұқат Арыстановқа табысталды.

 

Одан кейін медиатренерлер дәріске қатысқан 53 адамға сертификат тапсырды.