01 Ақпан 2019
400

Жаңақалалық жастар спорт ардагерлерімен кездесті

 

Жаңақала ауданындағы «Самғау» коворкинг орталығында «Жетістік жолы» жобасы аясында «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында спорт ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Шараны аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұжымы ұйымдастырды.

 

         Шараның басты мақсаты – спорт ардагерлерінің өмір жолын жастарға үлгі ету, ел есінде қалған жерлестер есімін келешек ұрпақ арасында насихаттау еді.

 

         ҚР ардагерлер арасында самбо күресінен бірнеше мәрте жеңімпазы, самбодан Парижде өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ұлағатты ұстаз Марат Есмағұлов пен қазақ күресінен ҚР спорт шебері, қазақ күресінен облыстық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсаң Есекенов шараның құрметті қонағы болды.

 

         Кездесу барысында спорт ардагерлері жастарға қалай жетістікке жеткендері жөнінде ой өрбітіп, мақсатқа жету жолындағы көрген қиыншылықтары мен қуаныштарын әңгімелеп берді.

 

         Спорт саласында 35 жастан асқан адамның ардагер болып есептелетінін айтқан Марат Есмағұлов әлі күнге дейін спорттан қол үзбегенін тілге тиек етті.

 

         -Сатым Әбуов, Қамеш Исмагулов сынды елімізге танымал жаттықтырушылардан тәлім-тәрбие алдым. Өмірлік қағидам - әрқашан спорттық бабымда болу һәм ерінбей еңбек ету. Спорт – бүкіл аурудың шипасы. Қазіргі жастарға қозғалыс жетіспейді. Үнемі спортпен шұғылданған адамның дені сау, ойлау қабілеті жоғары болады,-деп ой бөліскен Марат аға әр күн сайын азанда тұрып жүгіріп, дене жаттығуын жасайтынын айтты.

 

         -Спорт болған соң жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Жеңілген сәттерімде де спортқа деген ынта-ықыласымнан бас тартқан жоқпын. Қайта одан әрі талпынып, биіктен көрінуге тырыстым. Оғлан Оралбекпен де бірге жаттығып, талай жарыстарға бірге қатысып жүрдік. Спорттың арқасында ел көресің, жер көресің, көп достар табасың. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Өмірге қайта келсем де спортты таңдар едім,-деген Жайсаң аға спорт адамды табандылыққа, ер мінезділікке, азаматтыққа тәрбиелейтінін айтады.

 

         Шараға қос бірдей спорт ардагерінің Жанболат Гумаров, Дәурен Мерешов, Дәурен Жағыпаров сынды шәкірттері қатысып, ұстаздарының елеулі еңбектеріне ақжарма алғысын жеткізді.

 

         Мұнан кейін жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жақсылық Нұрманұлы кеш қонақтарына жастар атынан естелік сыйлық табыстады. 

 

         Кеш соңында ардагерлер жылы лебізін білдіріп, жастарға батасын берді.