01 Ақпан 2019
547

Тасқалалықтар жалпы халықтық сенбілікке шықты

 

Қардың шамадан тыс көп түсуіне байланысты аудан орталығында жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Оған мекеме қызметкерлерімен қатар ауыл тұрғындары қатысты.

 

Қолдарына күрек алып қармен күрескен тұрғындар ауыл ішіндегі жаяу жүргіншілер жүретін тротуарларды тазалаудан бастады. Орталықтағы Абай, Жақсығұлов, Сапаров, Кенжин  және Мәметова көшелеріне сенбілік жүргізгендер саны 400-ге жуық.

 

-Ауыл көшелерін қардан тазалауға белсенділік танытып, оған  жиналғандар қатары аз емес. Қазіргі кезде техниканың жетіспеушілігінен жұмыстар күн-түн демей жүргізілуде. Осындай жайттарды ескере отырып ұйымдастырылған сенбілік ауыл тұрғындарының басын қосып, аталмыш мәселеге немқұрайлы қарамауға шақырады,- деді Тасқала ауылдық округі әкімі Ж.Ахметов.

 

Айта кетейік, өткен жылы аудан көлемінде жауған қардың өлшемі 15 см болса, бүгінде ол 70 сантиметрге жетті. Ал, жиі жауған қардан мезі болған тұрғындар «көктем мезгілінде үйлеріміз  суға кетіп қалмаса етті» деп қауіптеніп отыр.

 

Бұл ретте, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен ауылдық округ әкімі аппараты тұрғындарға ауласындағы қарды көшеге шығару жөнінде  ескерту қағаздарын таратқан болатын.

 

Ал, үй маңынан шыққан қарды далаға алып кетуді аудандық коммуналдық шаруашылық өз мойындарына алып отыр.