01 Ақпан 2019
434

Ақжайық ауданындағы «Jas business» семинар-тренингі

 

 

 

       Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевтағы "Өркен" коворкинг  орталығында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен кәсіпкерлікті дамыту бойынша "Jas business" семинар-тренингі өтті. Шара барысында жиналған жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында аталған ресурстық орталығықтың маманы Ақұштап Сапарғалиева тренинг өткізіп, «Атамекен»  Ұлттық кәсіпкерлік палатасы филиалының кеңесші маманы Махамбет Әбілов түрлі кәсіпкерліктің бағытын жан-жақты түсіндірді. Кәсіпкерлікке ниетті жастар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды.

 

         Мысалы, Ақсуат ауылдық округінің жастармен жұмыс жөнідегі кеңесші маманы Шырайлым Бақтығалиева түрлі сала бойынша кәсіп бастау үшін жастарға қандай бағдарлама бар екенін сұрады. Алғабастық жас мамандар Базар Мұрсәлімов, Жәдігер Ғилманов мал шаруашылығын дамыту және асылдандыру бойынша берілетін несиелер, грант шарттары туралы сауал қойды.

 

        М.Әбіловтың айтуынша, кәсіптің қай түрінде болмасын, грант ұту үшін жастарда инновациялық жобалар болуы керек. Тың кәсіп көзін тауып, бизнес жоспарларын қорғау шарт болып табылады. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы бір ай тегін оқып, 17 мың теңге шәкіртақы алуға болады. Сонымен қатар бұл оқу курстарына кәсібін ашқысы келетіндермен қатар шаруа қожалығын, жеке кәсіпкерлікті ашқанына 3 жыл толмаған кәсіпкерлерге де қатысуға болады. Курсты аяқтағаннан кейін кәсіпке ынталылар бизнас жоспарларын облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасына жолдайды.

 

         Шарада «Игілік», «Құлан», «Сыбаға», «Кәсіпкер» секілді бағдарламалар бойынша да молынан түсініктер берілді.