05 Ақпан 2019
440

Егіндікөлде ат баптау өнері дәріптелді

 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылының жастар жетекшісі Бейімбет Əміреев пен мектептің тəлімгері Еркінғали Жұбановтың ұйымдастыруымен ауыл жастары жəне жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Тұлпар мініп, ту алған» атты шара өтті.

 

Шара барысында біраз жылдардан бері ат баптап, жылқы үйретудің сырына машықтанған ауыл азаматы Махамбет Құсайынов жастар мен оқушыларға ат ерттеу, баптау, жылқы жасы қалайша бөлінетіндігі, жүріс атаулары жайында айтып берді.

 

Жастар бірі аяңдай, бірі жорғалатып бірнеше шақырымды атпен шапты. Білекті жастар аударыспақ ойнаса, шабандоздар ат жарысына қатысты. Жаңадан үйретілген тайға оқушыларды мінгізіп «ашамай» туралы түсіндірді.

 

– Шараның негізгі мақсаты – атқа міну мəдениетін дамыту. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Мектеп оқушыларына ат спорты түрлерін, атқа отыру тəсілдерін үйрету жұмыстары əлі де жүргізіледі, - дейді Еркінғали Қуанғалиұлы.