07 Ақпан 2019
360

Шыңғырлау ауданы 100 пайыз газбен қамтылды

 

Бұл туралы Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтты. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов және орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары қатысты.

 

Шыңғырлау ауданында тіркелген шағын және орта бизнес субъектісі – 694. Оның 608-і жұмыс істейді. Соның ішінде 336 ауылшаруашылығы саласында.

 

Былтыр ауданда 30 шаруа қожалығы ашылып, оларға жалпы көлемі 18 мың гектар жер берілді. Ал 24 шаруа қожалығы қосымша 17 мың гектар жер учаскесін алған. Соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын 3 инвесторға 7 мың гектар жер берілген.

 

-Аудан тұрғындарының 82 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2018 жылы Ақшат пен Амангелді ауылына сапалы ауыз су қосылды. Қазіргі кезде Жаңакүш, Ащысай ауылдарына таза су құбырын тарту және Ашықтоғай ұңғымасынан Шыңғырлау ауылына қосымша су тарту жұмысы жалғасуда. Демек биыл ауыз сумен қамту көрсеткіші 86 пайызға жетеді. Ал былтыр Ақсуат елді мекеніндегі әлеуметтік нысандарға газ қосылып, нәтижесінде аудан толықтай көгілдір отынмен қамтылды, - деді аудан әкімі Альберт Темірболатұлы.