07 Ақпан 2019
373

Шыңғырлауда 4 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткен

 

Бұл туралы Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде мәлім болды. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов және орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары қатысты.

 

- Жол мәселесіне келсек, аудандағы облыстық маңызы бар жолдың ұзындығы 143 шақырымды. Соның ішінде, 104 шақырымға, Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай автожолына ішінара жөндеу жұмысы жүргізілуде.Былтыр аталған жолдың 8 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Осы жолдың алғашқы 12 шақырымына, яғни Шыңғырлау-Ұрысай жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін конкурс жарияланды. Бұл жолға асфальт төселетін болады, - деді аудан әкімі Альберт Темірболатұлы.

 

Айта кетейік, былтыр Қарағаш, Шоқтыбай, Ақтау, Амангелді ауылдарының фельдшерлік-акушерлік пункттері күрделі жөндеуден өтсе, биыл Ақшат ауылының медициналық амбулаториясы пайдалануға берілді. Шыңғырлау мектебі де күрделі жөндеуден өткен. Мұнымен қоса, мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа спорт алаңы салынған.