11 Ақпан 2019
600

Қазталовта қыстақ қалыпты өтуде

 

Қазталовтағы төрт түлік мал 316 қыстақта бағылуда. Оларда жем, шөп қорынан тапшылық жоқ.

 

Қыстақ қалай өтіп жатқанын білмек боп сапарға шықтық. Сапар аудан орталығынан шалғай жатқан Қарасу ауылдық округінен басталды.

Санзыбай Мұхамбетов 2008 жылы «Еламан» шаруа қожалығын құрып, еңбек етіп келеді.

-Қажлықта 67 ірі қара, 150 бас қой-ешкі, 70 бас жылқы малы бар. Мал азығын мол дайындадық. Бүгінде шаруалардың жағдайы жақсы,-дейді бізбен әңгімелескен «Еламан» шаруа қожалығының жетекшісі.

-Қыстақ қалыпты өтуде. Бүгінде округте 46 шаруа қожалық болса, қыстақтарында 5 063 бас ірі қара, 9 408 қой-ешкі, 1 141 бас жылқы мен 31 түйе бар. Жылқы малы желтоқсан, қаңтар айларындағы қар аралас жаңбырдан кейін қолға алынды. Ауыл боп мал азығынан тарықпайды деп отырмыз,-дейді округ әкімі Эдуард Ешмұханов.

Ал Талдыапан ауылдық округіне қарасты 19 қыстақ бар. Мәселен «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиевтың «Алма бағы», «Дарын» және «Бекбау» қыстағы бар екен. Шаруа Дархан Аябалиев қолда бар техникасымен қыстақтар арасындағы жолды аршып, қызметшілерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Қожалықтың қыстақтарында күн сәулесінен қуат алатын заманауи генератор орнатылған.

–«Күннің жаманы кетеді» депті ғой бұрынғылар. Ертең-ақ қар жұқарып, қара шөп көрінер. Бүгінде шаруашылығымды 600 бас ірі қара малы, 800 бас қой бар. Шаруашылықта үш қыстақ бар. Дегенмен де өткен қыстың қысып жібергені жасырын емес. Өткен қыста мал шығыны болған жоқ. Қыс созылып, әрең шықтық. Биыл 3 000 бума мал азығын дайындадық,-дейді шаруагер жігіт.

Талдыапан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бауыржан Үмбетқалиевтың айтуынша, боранды күндері барлық қыстақ пен елд мекенге жол ашылған. Округтегі 45 шаруа қожалықта 4 532 мүйізді ірі қара, 12 638 бас ұсақ мал, 1 434 бас жылқы мен 5 бас түйе бар.

-Мал азығын дайындау маусымында 12 725 тонна шөп пен 130 центнер жем дайындадық. Сонымен қатар Нұржан Борашев есімді азамат ауылға келіп, арзан бағамен жем сатып тұрады. Шаруалар қорды артығымен жинап, мал азықтан тарықпайды деп отырмыз,-дейді бізбен әңгімелескен Бауыржан Үмбетқалиев.