11 Ақпан 2019
344

Ақжайықта 652 үйдің өрт қауіпсіздігі тексерілді

 

Жыл басынан-ақ Ақжайық ауданында 3 өрт оқиғасы орын алды. Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Еламан Кенжеғалидың айтуынша, соның екеуін де тілсіз жау тұрғын үйдегі пеш ақауының салдарынан шыққан. Абырой болғанда, адам аман.

 

         Қазір Ақжайықта өрт қауіпсіздігіне қатысты тиісті қызмет өкілдері жиі-жиі түн қатып, түс қашып жүр. Сөйтіп, тұрғындардың қандай бейқамдығына тап болуда? Төтенше жағдай бөлімі мен өртке қарсы құрылым қызметкерлері аудан орталығы мен Тайпақ, Қарауылтөбе ауылдарында рейдтер өткізді.

         Айталық, Чапаевтағы 45 тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігін тексерген кезде 3 баспанада кәмелетке толмаған балалар үлкендердің қарауынсыз екені анықталды. Ал 2 үйде, тура іште газбаллондар сақталып келген.

         –Пештері ағашпен жағылатын 7 тұрғын үйге аман-саулық сұрасып бас сұққан рейдшілер көзіне баяғыдан бергі тағы бір әдет – от көздеріне тақалып жайылған кір-қоң, аяқ киімдер оттай басылғанын қайтерсің, -дейді ТЖБ аға инженері Алмат Сапарғалиев.

         «Апат айтып келмейді» деп жатамыз. Барлық кезде бірдей солай ма?! Жоғарыда баяндалған мысалдар кесапат-кесірдің менмұндалап, жаңғырып келетінін аңғартпай ма?! Осы күні Тайпақта 25, Қарауылтөбеде 15 баспанаға шолу жасалды. Жыл басынан бері мұндай шара аудан бойынша 652 баспанаға жүргізілген екен. Қаншама айтылып, ескертілсе де қолдан жасалған электр жабдықтарын пайдалану, пешті, түтіндікті күйеден тазаламау, жылу көздерін ұзақ уақыт қараусыз қалдыру секілді қамсыздық ушығып тұрғаны жайында тиісті қызметтер дабылдатып-ақ жүр. Осыдан қорытынды шығуын айт. Қауіп-қатер шынтуайтында, аяғымыздың астында бұғып жатыр.