11 Ақпан 2019
261

Ақжайықтықтар туризм техникасынан облыста топ жарды

 

Ақжайық ауданының өкілдері Оралда облыстық білім қызметкерлері арасында өткен туризм техникасы жарысында жеңімпаз атанды.

 

         Команда құрамындағы Бейбіт Әбіров (Тайпақ мектебі), ерлі-зайыптылар, оқытушылар Ақтілек пен Қолғанат Маратовтар (Краснояр мектебі), аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының қосымша білім беру педагогтары Азат Ғилман, Әди Темірболат, Асхат Халилов тәжірибелерін толыстырған мамандар ретінде танылды.

         Айталық, биіктіктен төмен түсу немесе серпантин әдісімен көтерілу, азимут анықтау, мұздан өту секілді жеке қашықтық сынағында А.Ғилман туризмнен облыстық құрама командасының мүшесіне қабылдануы да әріптестеріне зор қуаныш әкелді. Техникалық қашықтықта «зардап шегушіні» жоғары көтеру, траверс кезеңінен өту, сондай-ақ жумармен көтерілу, қар көшкін аймағынан өту секілді кросс-жорықта да, эстафета сайыстарында да ақжайықтықтар 12 команданы артқа калдырды.

         Дәл осындай жарыс мектеп оқушылары арасында да өтті. Ауданымыздың намысын Краснояр мектебінен жаттықтырушы Қолғанат Маратов бастаған жас туристтері абыроймен қорғап, жеңімпаз атанды. Шаңғы жорықтары есебі, кросс-жорық, техникалық қашықтық шарттарынан олар алдарына жан салмады. Жеке қашықтықта Рамиль Шамсутдин чемпион атанды. Темірлан Сисенбаев, Еламан Асанов облыстық құраманың команда мүшесі атанып, республикалық шаңғы туризмі техникасы кубогіне қатысатын болды.