14 Ақпан 2019
869

Сырымдық оқушылар 3D сурет салып сайысты

 

Сырым ауданында балалар мен жасөсіпірімдердің шығармашылық орталығында «Ерекше 3D сурет өнері» атты байқауы ұйымдастырылды. Байқауға аудан бойынша 13 оқушы қатысты. Қатысушылар үшін орталықтағы М.Жоламанов атындағы «Жас суретші» сурет үйірмесінің жетекшісі Гүлім Ғиниятқызы 3D суретін салу бойыншашеберлік сағатын өткізді.

 

3D суреттің ерекшелігі - камера көзімен қарағанда, суреттердің қолға ұсталатындай болып жанды болып тұруында. Ол үшін суретшіге тек талант пен жақсы құрал жабдық қана емес, әрбір детальды байқап, оның көлеңкесінің түсуін де қадағалау керек.

Байқау бірінші кезеңінде қазылар қатысушылардың еркін тақырыптағы үй жұмыстарын бағалады. Екінші кезеңде жас суретшілер тапсырма бойынша жұмыстанды. Қорытындыға келсек, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқушысы Сүйінғали Мақсат пен Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің оқушысы Назерке Әлмұратова І орынға ие болды. Екінші орынды бұландық Айнұр Амангелдина мен жырақұдықтық Саят Елеуов өзара бөлісті. Ал Қарақат Нығметжан, жосалылық Фарида Ермұхамбет, бұлдыртылық Назерке Сырымова ІІІ орынға тұрақтады.

Бұлардан бөлек, аудандағы 3D суретін салудың жас өкілдері қызылағаштық Мақсат Ақышев, Қазақстан мектебінің оқушылары Айгерім Сағынбек пен Аяжан Молдағали, аралтөбелік Мұратжан Сағынғалиев, жосалылық Нұртілек Қадырғали, бұлдыртылық Әділет Айтжанов алғыс хатпен марапатталды.

Сурет өнеріне дарынды балалардың мүмкіндіктерін көрсетуге арналған осындай байқаулар жиі өтіп тұрмақ.