25 Ақпан 2019
365

Ақжайық ауданында ат спорты өркендеп келеді

 

Ақжайық ауданындағы Жамбыл ауылдық округінің Үштөбе ауылында ат спортынан «Ұлы дала ойындары» атты аудандық турнир өтті.

 

Ұлттық спорт түрлерінің мәртебесін көтеру мақсатында Үштөбеде осындай ойын түрлері әлсін-әлі өтіп, дәстүрлі үрдіске айналуда. Аталған шараға Чапаевтан «Құлагер», алаң иелерінен «Үштөбе жастары», «Үштөбе барысы» командалары көкпар мен аударыспақтан сайысқа түсті.

Қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев пен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Қайыржан Елешов құттықтады.

Аудандық «Жігер» спорт клубы мен үштөбелік жастардың бастамасымен өткізілген ойындарда ат спортына қайрат-күші мол, батыл да төзімді, икемді де білекті жігіттер қатары қалыңдап келе жатқаны байқалды. Айта кету керек, ауылдардан Шапағат Наурызов, Жанәділ Ғазизов, Әлжан Досмақов, Мираж Науқымов, Болат Аткеев сынды азаматтардың ат спортын кеңінен өркендетуге қосып жүрген үлестері сүбелі.

Көрермен қауымның деребесін қоздырған көкпарда «Үштөбе жастарының» тегеуріні, айласы басым түсіп, жеңімпаз атанды. Ал аударыспақтан 70 келі салмақ дәрежесінде І орынды иеленген Қайнар Исмағұловқа («Құлагер» командасы) «Ораз» жеке кәсіпкерлігінің иесі Данияр Елеуов қой сыйға тартты. ІІ орынды да «құлагерлік» Айдос Алданов, ІІІ орынды Қанағат Мақсотов (Үштөбе ауылы) алды. +70 келі салмақта жеңімпаз атанған Амангелді Қалиақберовқа («Құлагер» командасы) «Амира» шаруа қожалығының жетекшісі Есен Қабанов екі ірі қара малын сыйға тартты. ІІ орынды Жанәділ Ғазизов (Құрайлысай ауылы), ІІІ орынды Ринат Абатұлы (Чапаев ауылы) бөлісті.