26 Ақпан 2019
310

Мұратсайда «Ұлпа қар» қысқы додасы өтті

 

Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылдық округінде «Ұлпа қар-2019» спорттық шарасы өтті. Айта кетелік, бұл қысқы дода биыл алтыншы рет өтіп отыр.

 

 

Мұратсай көлінің беті тартысты аламан алаңына айналып, спортсүйер қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Ең алғаш рет 1998 жылы бастау алған сайыс әр төрт жыл сайын, яғни, 2002, 2006, 2011, 2014 жылы өткізілді.

 

Көл бетіне беттеген бойда қардан соғылған үйшіктер мен түрлі жануардың мүсінін көрдік. Қаз-қатар тізілген қар сарайларының иелері де қонақжайлық танытып, тамашалаушыларға ыстық шәй ұсынды. Бұндай туындыларды А.Құсайынов мектеп-бөбекжай кешенінің шәкірттері жасап шығыпты. «Жалын», «Самұрық», «Ғажап ел», «Қарлы ел», «Нарын» болып өзара бөлінген құсайыновтық спортшы өрендер аққала тұрғызу, қар мүсіндері, шанамен эстафеталық жарыс, нысанаға қар лақтыру, коньки тебу, шаңғымен кедергілерден өту, биатлон, музыкалық қойылым секілді сайыстарда бақ сынасты.

 

Нәтижесінде ең әдемі аққала тұрғызған жалындықтар деп танылды, «Қарлы ел» мен «Ғажап ел» топтары екінші мен үшінші орынды бөлісті. Ертегі мүсіндерін жасап көзге түскен «Самұрық» командасы жеңімпаз атанса, «Нарын» (ІІ) мен «Қарлы ел» (ІІІ) де сыйсыз қалмады.

Шана эстафетасында «Ғажап ел» тобының асығы алшысынан түссе, қарлы елдіктер мен нарындықтар да жүлдегерлер сапынан бой көрсетті. Ән салып, үйлесімді би өнерін көрсеткен «Жалынның» өрендері бірінші орынды иеленді. Нысанаға қар лақтырып, мергендігімен көзге түскен Нұрхат Жұмагелді («Ғажап ел»), Сәбина Сансызбайлар («Қарлы ел») қарсыластарына есе жібермеді. Ал мұз айдынында коньки теуіп, жарқын өнерімен танылған «Ғажап елдің» мүшесі Нұрхаят Ғалым мен нарындық Шаттық Сәрсемәлінің бәсі биік болды. Оқушылар арасындағы биатлон сайысында «Ғажап елдің» ойыншысы Дамир Сағынғали, «Жалынның»  спортшысы Арайлым Әбдірахманова жүзден жүйрік шықты.

 

Биылғы «Ұлпа қар» ауқымдылығымен ерекшеленді. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен ересектер арасындағы шайбалы хоккей, шаңғы, биатлон, әуесқой балықшылар жарысы қоса өткізілді.

 

Мұратсайлық спортшылар мен Сайқын, Бисен, Орда ауылының мықтылары сынға түсті. Мұз бетінде конькимен еркін сырғанап, шайбаны қырағылықпен қарсыластың қақпасына дәл бағыттай білген сайқындық ардагер хоккейшілеріміз жеңісті уыстарынан шығармады. Бұл ойында аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилидий, төрт бірдей гол соғып, шеберлігін байқатқан Ақжан Ғұмаровтар үздік ойыншылардың көшін бастаса, мұратсайлық Абзал Дүсенғалиев «Үздік қақпашы» атанды.

 

Биатлон ойыны да барынша тартысты өтті. Сайқындық Ернар Хамзин жеңімпаз деп танылса, балықшылар сайысында қармағы майланып, олжалы болған сайқындық Қуанышбек Еркінғалиев бірінші орын алды.

 

Айта кетелік, шара барысында қазақы тазы тұқымын өсіріп, сақтап қалуға ат салысып жүрген мұратсайлықтар да иттерін жұртшылыққа таныстырса, оқушылар атты шанаға мінгесіп, сейіл құрды.