27 Ақпан 2019
622

Ақжайық ауданында аналар форумы өтті

 

Ақжайық ауданында аналардың «Рухани жаңғыру: Әйел. Қоғам. Болашақ» атты форумы өтуде.

 

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: Әйел. Қоғам. Болашақ» атты аналардың аудандық форумы өтті. Қоғамдағы әйелдердің рөлі, қыз бала тәрбиесіндегі мәселелер талқыланған шара секциялық отырыстармен басталды.

 

Ақжайық агротехколледжде өткен «Ұлы даланың абыз аналары» атты отырысқа мектептердегі тәрбие саласының мамандары, зейнеткер аналар, жастар, студенттер қатысты.

 

Аудандық «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешова тарихта өшпестей із қалдырған аналар жайында баяндады. Ол Тұмар, Зарина патшайымдар, кісілік қасиетімен дала аңызына айналған Ұмай, Домалақ, Нұрила, Бопай, Айғаным, Зере секілді жандардың ұлы істерін сөз етті.

 

 

–Ол замандардағы еліне сыйлы, төңірекке ақылды дос, данагөй атанған нәзік жандыларды кәрі тарихымыз оқтын-оқтын еске салып тұрады. Өкініштісі, бүгінгі жас қыздар, келіншектер сол аналардан жалғасқан тектілік тінін үзіп алып жүр. Сән қуған кейбір қыздар көшеде ашық-шашық киініп, өресіздіктерін көрсетуде. Келіндеріміз де үйдегі бала тәрбиесіне немқұрайды қарап, азаматын сыйлаудан қалып барады. Мұндай түсініспеушіліктің арты ажырасуға әкеліп соғарын түсінсек игі еді. Қыз баланы кішкентайынан адамгершілікке, ибалылыққа тәрбиелеп, ғасырлар жүзіндегі өнегелі аналар туралы аңыз-әңгімелерді саналарына сіңіруіміз керек,-деді М. Мәмбешова.

 

Бүгінгінің беделді аналары ақыл-кеңестерін ортаға салды. Будариндік зейнеткер ана Қарашаш Ғабдуллина ауылдастарына ісмер әже ретінде танымал. Өзінің әжесі мен анасы үйреткенінің арқасында оның қолынан көп дүниелер шыққан. Мысалы, ол әжесінің киім үлгісімен өзіне киім тігеді. Кең етекті көйлек, камзол, кимешек, шәлі орамалдардың қалай тігілетінін, оған асқан шыдамдылық пен қол икемі керегін сөз етті. Осы ауылдың тағы бір тұрғыны, 80 жастағы көпбалалы ана Рысты Шаяхметова да өзі тоқыған киім-кешектерді ала келіпті. Он бір немере, жеті шөбере сүйіп отырған кейуана осы ұрпағының бәріне өз қолынан киім тоқып берген. «Бізді анамыз өсірді. Әкеміз 1940 жылы соғысқа кеткеннен оралмады. Қиыншылықтың неше атасын көрдік. Дейтұрғанмен, анамыздың тәрбиесі арқасында, еңбектің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Бүгінгі қыз-келіншектерге айтарым, еңбекті сүйіңдер, сонда ғана шаңырақтарыңда құт-береке болады»,-деді Р.Шаяхметова.

 

 

Бударин ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғайни Машаева баяндама жасап, алдымен ауылдық округтегі экономикалық-әлеуметтік ауқымды істерге тоқталып, қыз бала тәрбиесі, ата-ана қадірі хақында пікір-толғамдарымен де бөлісті. «Ескіден «Қыз бақыты өз босағасында емес, кісі босағасында» деген нақыл сөз қалған. Бұл асыл сөздердің жаңадан тұрмыс құрғалы жүрген қыздарға берер тәлімі мол. Осыны ұғынбаған кейбір салыңқы еңсе әйелдер отағасына артық ауыз сөздер айтып, өз беделін түсіріп жатады. Ақылды әйел керісінше, азаматының қас-қабағын бағып, ойын емеурінінен ұғынып, ақыл қосып отырады ғой. Жанұяның берекесі осында емес пе? Сонымен қатар қыз-келіншектер қазақтың қонақжайлық дәстүрін де игеруі керек. Дастарқан мәдениеті қай жағынан да олардың шаруаға иекемділігін байқатып тұрады» деді ол.</p> <p>Будариндіктердің мерейін тасытып жүрген өнерлі топ – «Жайдарман» әжелер ансамблі алысқа танымал. Ансамбльдің әрбір мүшесі ұрпаққа ұлағатты сөздерін айтып, ойларымен бөлісті. Олар «Құсни-Қорлан», «Дедімай-ау» әндерін шырқады. Осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі Анар Есенәлиева өнердің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жан. Сондай-ақ терме,ән айтудан шәкірт тәрбиелеп, ел ықыласына бөленуде. Шара барысында қызы, Бударин орта мектебінің 6-сынып оқушысы Назкерім Сәкенқызы екеуі халық әні «Халаулімді» әуелете шырқады. Назкерімнің ән орындаушылығы ерекше. Осы бағыттан таймаса, одан болашақта үлкен өнер иесі шығары кәміл. Бұған анасының да үлесі мол болары кәміл. Будариндік мектеп оқушылары хорының да ән әуелетуі жүздесудің мәнін салмақтандыра түсті.

 

 

Абай атындағы мектеп-гимназияда өткен «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің...» атты отырыста көпбалалы ана Раушан Сілемғалиева мен ардагер ұстаз Тойғаным Тәшенова отбасылық құндылықтар, асыл дініміз, салт-дәстүр, қазақ қызына тән болмыс, қоғам қалыптасуындағы ана-әже рөлі төңірегінде әңгіме өрбітті.</p> <p>Отбасы құндылықтарын насихаттау, жанұяның берекесі мен бірлігінің сақталуы, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, оның ішінде әйел-ананың ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша рөлі жайында зейнеткер ұстаз Жансұлу Ғабдулина мен «Алтын алқа» иегері Жанат Биғазиева өз ойларын ортаға салды. Ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабындағы кейіпкерлер туралы мектеп мұғалімі Жанар Өтебаева айтты. Қолөнер бұйымдарымен Зухра Құсайынова таныстырса, Айпаш Құлниязова басқұр жасау тәжірибесімен бөлісті. Әсел Ерментаева өзінің қызымен «Гүлдерайым» әнін домбырада орындады. Сондай-ақ Сарқұловтар отбасы әннен шашу шашты.</p> <p>Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев пен облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы Луара Батырғалиеваның қатысуымен форумның пленарлық отырысы аудандық мәдени-демалыс орталығында өтті. Жиналғандар алдымен тақырыпқа байланысты қойылған көрмемен танысты. Мұнда аудандық балалар шығармашылығы орталығы шеберлерінің қолынан шыққан қыз жасауы, қолөнер бұйымдары қойылған. Аудан орталығындағы мектептердегі химия пәні үйірмелерінің мүшелері түрлі сынамалар көрсетіп, Абай атындағы мектеп-гимназия мұғалімдері қыз-келіншектердің ұлттық киім үлгілерін ұсынды. Сонымен қатар Харькин орта мектебінің мұғалімдері қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды. Қымыз пісетін күбі де таныстырылып, жиналғандар бал қымыздан дәм татты.

 

–Ақжайық ауданына келіп отырған сапарымызда бұл аумақта кешегі текті аналардың ізбасарлары баршылық екеніне әбден көз жеткіздік. Міне, осындай қоғамдық шаралар арқылы өнегелі келін, ибалы қыз тәрбиелей білсек, біздің ұтқанымыз, - деді Луара Қайрекенқызы.

 

Сонымен қатар ол ауданымыздың атын шығарып, түрлі салада жетістікке жетіп жүрген ұлы-қыздардың аналарын, өнегелі жандарды марапаттады. Туризмде биік белестерді бағындырып жүрген ақсуаттық Аманер Темірбаевтың анасы Нұржамал Темірбаева, қол күресінен әлем чемпионаттарында олжа салып жүрген базаршоландық Кенжеқыз Қаупенованың анасы Гүлнар Жалмұханова, жамбылдық «Алтын алқа» иегері Күнсұлу Айтжанова, чапаевтық ардагер ұстаз Қанзира Рахишева, еркін күрестен үлкен додадалардың жеңімпазы, чапевтық Зинеп Баянованың анасы Жанар Айтаханова сынды аналарға естелік сыйлықтар табысталды.

 

 

Бекболат Қаленов

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы