27 Ақпан 2019
382

Бөрліде тұрғындарды эвакуациялайтын орын дайын

 

Бөрлі ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Еркебұлан Ихсановтың төрағалығымен «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізуді пысықтау жиыны өтті.

 

 

        

Жиында еріген қар суынан қелетін қауіпті болдырмау және аудан аумағындағы Елек, Жайық, Утва, Шыңғырлау өзендерінің жанында орналасқан елді мекендерде су тасқыны алдын алу шаралары пысықталып, Еркебұлан Ихсанов әр сала, мекеме басшыларына, ауыл әкімдеріне тапсырма берді.

 

-Утва өзеніне 545 млн. текше метр қар ерігенде, жауын-шашын болғанда су тасуы мүмкін деген болжам бар. Осы жағдайды ескерсек, өзен бойындағы Ақсу, Кеңтүбек, Аралтал ауылдарының суға кету қаупі бар. Ақсай қаласынан шығарылған қар ерісе, суы Утваға кетеді. Кеше Қызылтал мен Аралтал ауылдарын қарап шықтық. Қызылтал жақтағы бөгетте биіктігі 3 метр қар жатыр. Қазірден бастап арнайы техниканың күшімен сол бөгетті қыру қажет. Аудан тұрғындарына аулаларынан қар шығаруды ескерту керек,-деді Еркебұлан Нұретдинұлы.

 

Одан өзге Еркебұлан Нұретдинұлы елді мекендер аумағынан шұғыл түрде қар мен еріген қар суын жіберу үшін бригада құрып, кезекшілік қоюды тапсырды.

 

Аудан бойынша уақытша бөгеттерді тұрғызу үшін 6000 қапшық, яғни 400 тонна құм дайын. Тұрғындарды эвакуациялайтын орын белгіленді. Аудандық ауруханада 150 орын, емханада 150 орын дайындалған. Жақын маңдағы ауылдарда қосымша 50 орын бар. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік те дайын.

 

Бүгінде ауданды қардан тазалау жұмыстары қарқынды жүруде. Еріген судың жеке секторларға кіру қауіпі бар көшелер мен су басу қауіпі бар аймақтар жіті бақылауда. Қар шығаруға 48 техника жұмылдырылған. Ірі кәсіпорындар да қажетті техника шығармақ.