04 Наурыз 2019
502

«Ат спорты үйірмесін ашамыз»

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы, мәслихаттардың 25 жылдығына арналып ұлттық ат спорты түрлерінен «Ұлы дала ойындары» атты аудандық ашық турнирі өтті.

 

 

Көкпар, тай жарыс, теңге ілу, аударыспақтан өткен ойындар тартысты болды десек, артық айтқандық емес.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына үн қосу, ат спортын дамыту мақсатында ұйымдастырылған шара тұрғындарға рух сыйлағандай болды.

 

Атқа мінген турнирге қатысушылар, басқа да тұрғындар алдымен аудан орталығы көшелерімен жүріп өтті. Сән-салтанаты жарасқан көшке сүйсінгендер аз болған жоқ.

 

Көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген даланы дүбірге бөлеген бұл ойындарды тамашалаушылар аз болмады.

 

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жиналғандарды Алғыс айту мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында шара өтіп жатыр. Қазақ үшін қасиетті саналған жылқыны дәріптеп, ат спортын одан әрі дамыту бүгінгі жас ұрпақ үшін ең маңызды іс болмақ. Осы орайда аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен, Шабдаржап ауылынан ат спорты үйірмелерін ашқалы отырмыз. Бұл үрдіс басқа да ауылдарда жалғасын таба береді. Тамырында қазақы қан тулап, жылқыны қадір тұтқан әрбір жан ата-бабаларымыздан қалған осы бір өнерді үйреніп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруы тиіс,-деді аудан әкімі.

 

 

Алдымен көкпар ойыны өтті. Ақжол ауылдық округі, Көнеккеткен ауылдық округі, Жамбыл ауылдық округінің Үштөбе елді мекені, Чапаевтағы «Жайықтехсервис», ауданның құрамасы «Құлагер» командалары өзара бақ сынасты. Бұл сайыста сөзсіз «Құлагер» командасының ойыншылары тәжірибесімен, мықтылығымен көзге түсті. Көнеккеткен мен Үштөбе жастары командалары да тартысты ойын көрсете алды. «Жайықтехсервис» жігіттері ептілігімен ерекшеленді. Ал көкпар ойынына алғаш рет қатысқан ақжолдықтар үшін бұл ойын тәжірибе жинақтау үшін таптырмас ойын болды. Команда жетекшісі Сұңғат Рысалиев пен асау үйретуден облыс чемпионы Артур Көшкінбаевтардың аяқалысы жаман емес.

 

Тай жарысына жиырмадан астам тай қатысты. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, бәйгеге қатысқан балғын шабандоздар да аталған спорт түріне адалдықтарын танытты. Жылқы жалына жармасқан жас балалардың қиқу салып, жарысқа түскендері делебені қоздырды.

 

Аударыспаққа қатысқан білекті жігіттер көп болды. Олар жеңіл салмақта және 70 келіден жоғары салмақта күш сынасты. Ат үстінде күресу оңай емес, дегенмен қатысушылар осалдық танытқан жоқ. Күшке салып бір-бірін аттан аударғысы келген қатысушылардан гөрі айлаға салғандардың жолы болды. Әрине, аударыспаққа білек күші де, айла да керек. Екеуін ұштастыра білген спортшы ғана қарсыластарын оңай жеңе алады. Бұған астындағы атының ақылдылығы да ауадай қажет.

 

Сайыстар нәтижесінде көкпардан І орын «Құлагерге», ІІ орын көнеккеткендіктерге, ІІІ орын үштөбелік жастар мен «Жайықтехсервис» командасына бұйырды. Тай жарыстан шабдаржаптық Ерген Таңатжанов тізгіндеген Батыр Темірболаттың Ақбақайы І орын, ақжолдық Асқар Қартаңбаев тізгіндеген Талғат Табылдиевтың Қараторғайы ІІ орын, ақжолдық Алияр Қарағойшы тізгіндеген Сұңғат Рысалиевтың Қарагері ІІІ орын иеленді. Осы орайда ақжолдық Ержан Қабыл мінген Серік Ерғалиевтың тайының да аяқалысын айта кеткен жөн. Үшінші жүлдеге іліккен таймен құйрық тістесе келген Серіктің жылқысының ұзақ қашықтыққа шабатын кең тынысты екені көрініп-ақ тұр. Бәйгенің заңы солай бірде бақ, бірде бап шабады.

 

Теңге ілуден көнеккеткендік Еділ Оразбай жеңімпаз атанды. «Құлагер» командасының мүшесі Айдос Алданов ІІ орынды, көнеккеткендік Заманбек Біржанов ІІІ орынды иеленді. Аударыспақтан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орын көнеккеткендік Өркен Ақтановқа, ІІ осы ауылдың баласы Заманбек Біржановқа, ІІІ орын «Құлагер» командасының мүшесі Мейірбек Қожахметовқа бұйырды.

 

70 келіден жоғары салмақтағылар арасында І орынды белгілі ат спортшысы, құрайлысайлық Жанәділ Ғазезовке бұйырды. Жеңімпазға ат спортын қолдаушы, өзі де бәйгеге ат қосып жүрген ақсуаттық Нұралы Аткеев ат мінгізді. ІІ орынды Қайнар Ысмағұлов, ІІІ орынды Амангелді Қалиақпаров еншіледі. Жүлдегерлердің барлығы аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен кубоктар, медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.