07 Наурыз 2019
339

Теректіде «Қамқорлық» орталығы көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуде

 

Теректіде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының актив жиыны өтті. Жиынды партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Әділ Жоламанов ашып, Астана қаласында Елбасы төрағалығымен өткен партияның кезекті ХҮІІІ съезіне тоқталды.

 

 

Биыл «Нұр Отан» партиясы 20 жылдығын атап өтеді. Партия съезінде Президент халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берген болатын. Қоғамда жиі талқыға түсіп жүрген аз қамтылған көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы мәселесіне нүкте қойылған еді. Осы және басқа да жаңалықтарды жіпке тізген Әділ Тауфиқұлы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Мысалы, ауданда дәстүрге айналған «Мейірімді көктем» қайырымдылық шарасы өтуде. Акция аясында кәсіпкер Роллан Бектеміров өз қаражатына Барбастау ауылында тұратын аз қамтылған отбасының үйіне газ өткізіп, жылыту жүйесін жасап берді. Ақжайық ауылының тұрғыны Ғазиза Рахметова «Қамқорлық» орталығын ашып, аз қамтылған көп балалы отбасыларға тегін әлеуметтік көмек беруде. Осындай жомарт жандар ауданымызда көп екендігі ақиқат.

 

Жиында әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырудағы жергілікті атқарушы органдардың міндеті туралы аудан әкімінің орынбасары Махамбет Батырғалиев баяндама жасады. Елорда төріндегі съезд туралы ой-пікірлерін Богданов ауылдық округінің әкімі Ә.Әубакіров, аудан тұрғыны, көп балалы ана Ж.Әлдібаева, аудандық аурухананың емхана меңгерушісі Л.Ысқақова, Шаған мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Е.Плотникова, «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының жетекшісі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Н.Аткеева жеткізді.