13 Наурыз 2019
335

Қар күрт еріген жағдайда бірқатар елді мекенге қауіп төнеді

 

Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров кеңейтілген кеңес шақырып, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын пысықтады.

 

 

Кеңесте ауылдық округ әкімдері скайп жүйесі арқылы қосылып, ақпарат алмасты.

 

Аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және қаржы шаруашылық бөлімі азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі бас инспекторы Фархад Үмбетқалиевтің айтуынша, мол түскен қар күрт еріген жағдайда бірқатар елді мекенге қауіп төнуі ықтимал.

 

Тасқынның алдын алу мақсатына аудандық резервтен қаражат бөлініп, әр ауылда шұғыл әрекет ету тобы мен жауапты тұлғалар бекітілген. Су ағар арық көздері аршылып, тұрғындарға төңірегін қардан тазалау туралы ескерту жасалған. Ауыл көшелерінен қар шығару да қарқын алған. Күні бүгінге дейін аудан аумағындағы қардың қалыңдығы 1 метрдің көлемінде. Ауылдық округтердегі жұмыс барысында Мичуриннен 30 мың, Дарияннан 400, Трекиннен 560, Переметныйдан 5 160 текше метр қар шығарылған. Қорда қажетті инертті материалдар мен құрал-сайман, жанармай сақтаулы.

 

Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі А.Шахаров қауіпті аймақтарды қатаң бақылауда ұстап, еріген қар суын өткізу үшін арықтарды аршуға тұрғындарды жұмылдыруды тапсырды.