14 Наурыз 2019
726

Аңқатылықтар ақын Ақмаржан Таубаеваны еске алды

 

Теректі өз таланттарын қадірлеуді, есімдерін ескеруді жалғастыруда. Аңқаты төрінде өткен әдеби кеш осы сөзімізге дәлел. Ұлағатты ұстаз, ақын, «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған жерлесіміз Ақмаржан Таубаеваны еске алуға арналған шараға келген қонақтар Қандық ауылындағы ақын зиратына аялдап, құран бағыштады. Жергілікті тұрғындар Мәдениет үйінде жиналды.

 

 

Шараға аудан әкімі Әділ Жоламанов арнайы қатысса, республикамызға танымал зиялы қауым өкілдері ақын жайлы естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының дирижері Қырымгерей Қажымов, ақын, арнайы Ақжайық ауданынан келген Сағынтай Бисенғалиев, ақын Дариға Мұштанова, ақын, Жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, ғалым Мұрат Сабыр, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы БҚО педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры София Ізмухамбетова, ұстаз Күлән Аянбергенқызы, ақынның ұстазы, композитор Роза Сүлейменова және ардагер ұстаз Марфуға Салахатдинқызы бар.

 

-Ақмаржан Таубаеваның жүрегі кең, «Айналайын» деген сөзі жүрегіңе орнығып, оған деген сүйіспеншілігіңді оятатын. Алматыға Мэлс Қосымбаев екеуміз айтысқа бардық. Ақмаржан ақын айтысымызды көріп, аттанарда  қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. «Бұны «Орал өңіріндегі» Ғайсағали Сейтаққа апар» деді. Аманатқа қиянат жасамай Ғайсаға бердім. Көп уақыт өтпей-ақ облыстың бас басылымында сол айтысымыз сараланған, жылы пікір қосылған бір бетке көлемді мақала шықты. Авторын қарасам Ақмаржан Таубаева есімі тұр. Сол мақала жарық көргеннен соң менің бойыма сенімділік орнап, әлі күнге дейін осы оқиғаны айтып жүремін,-деді ақын Сағынтай Бисенғалиев. Естелік айтып болған соң ақын Ақмаржанға арналған сиясы кеппеген өлеңін оқып берді.

 

Ақ Жайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева «Ақмаржан бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен қалам тербеді» деген еді. Жөн сөз.

 

         Жасымнан мен өлеңге ғашық болдым,

 

         Өзіңмен кездескенде тасып-толдым.

 

         Өлеңге жаны ауырмас жанды көрсем,

 

Мен одан құтылғанша асық болдым,-дейді ақын Ақмаржан. Өлеңді пір тұтқан ақынның «Нұр апасы Жайықтың», «Жайықтың ақ самалы», «Асыл арқау», «Ұстаздар әлемі», «Өмір өрнектері», «Қалдырған ізің мәңгілік»  атты жыр жинақтары жарық көрсе, Аңқатыдағы кеш барысында «Құлын дауысты жыр әлем» кітабының таныстырылымы өтті. Өлеңге аңқасы кепкен ауыл тұрғындары Қандықта дүниеге келген ақынның шығармаларын тыңдап шөлдерін қандырды. Жастар жағы ақынға арнауларын оқыды.

 

Ақмаржан Таубаеваның інісі Қайыржан Бақытұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Жыр кешін Аңқатыда дүниеге кеп, дүйім облыстың мақтанышына айналған ақын, композитор, ұлттық спорт түрлерін дәріптеуші Ерікқали Ахметов және актриса, тұла бойына талант орныққан теректілік Бибігүл Исалиева жүргізді.

 

-Ақмаржан өлген жоқ. Көз жасымызды көлдетуді доғару қажет. Ақын көп қазір. Бұл атты алып жүрудің өзі қиын. Абай өлең деген «жүрекке жылы тиіп, жұп-жұмыр, тегіс келсін айналасы» деген. Ақмаржанның өлеңдері дәл осындай. Ақынның екінші өмірі басталды. Оны өлеңдері өлтірмейді,-деді Мұрат Сабыр. Зал дүр сілкінді. Қошемет тоқтамады. Халық қолдаған сөзге алып қосарымыз жоқ.

 

-Айтпақшы, Аңқатыдағы Мәдениет үйінде осы ауылдан түлеп ұшқан даңқты тұлғалармен кездесуге, шеберлік сағаттарын өткізуге арналған бөлме ашылды.