12 Наурыз 2019
336

15 наурыздан бастап «Zhas project» жобасына өтініштер қабылданады

 

«Zhas project» әлеуметтік жобасын насихаттау Ақжайық ауданында жалғасын табуда.

 

 

Жобаның жұмыс механизмін түсіндіру мақсатында Ақжайық аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Әлия Шәрапиева мен орталықтың кеңесші маманы Айнагүл Бегеева Жаңабұлақ, Бударин, Мерген, Ақсуат ауылдық округтері жастарымен кездесті.

 

Кездесуде жастар бойындағы көшбасшылық қабілеттерін дамыту үшін Әлия Серікқызы тренинг өткізді.

 

 

- Әлеуметтік аз қамтылған немесе жұмыссыз жүрген жастарды қоғамға бейімдеу, оларға қолдау білдіруді көздеген жоба аясында гранттар мен шәкіртақылар бөлінеді. Қыз-жігіттер 1 млн. теңге көлемінде грант алу үшін өздерінің жобаларын ұсыну арқылы байқауға өтінім бере алады. Ал алты айға дейін төленетін шәкіртақы жоғары білім алғандарға 60 мың, орта және арнаулы білімді жастарға 40 мың теңге аралығында. Сондай-ақ жобаға қатысушылар үш кезеңнен тұратын оқыту тренингіне қатысады. Тренингте жобаны жүзеге асыру жолдары, оны бизнеске айналдыру тәсілдері туралы кеңес беріледі. 3-5 адамнан топ құрып, топ мүшелерінің әрқайсысы өтінімдерін жобаның сайтына тіркейді. Айта кететін мәселе, грант қайтарымсыз болғандықтан, жауапкершілігі де зор, -деді Айнагүл Бегеева.

 

Жобаның басты бір шарты – бұл 6 айлық мерзімде өзі тұратын ауыл-аймақтағы тұрмысы төмен тұрғындарға тегін қызмет көрсету. Айта кету қажет, пайдасы зор жобаға қатысуға жастардың ынтасы айрықша. Ақпанның басынан бері аудан бойынша 45 топ, яғни 135 жас жобаға қатысуға тілек білдірген.

 

 

Жобаға қатысу үшін өтінімдер 15 наурыздан 15 сәуір аралығында қабылданады. Қатысушыларды іріктеу үш кезеңнен өтеді. Біріншісі, техникалық іріктеу, тапсырылған құжаттардың дұрыстығы, шартқа сай екендігі тексеріледі. Келесі бөлім – комиссиялық бағалау. Үшіншісі – компьютерлік іріктеу. Сөйтіп, грант иегерлері анықталмақ.