18 Наурыз 2019
267

Сырымда тай жарысы қорытындыланды


Осыған дейін Сырым ауданының орталығы мен барлық ауылдық округтерінде «Қайсар» спорт клубы және Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тай жарыстары өтті.

 

 

Тайлар аламанының 2018-2019 жылғы маусымы кеше «Ұлы дала дүбірі» атты ат спорты түрлерінен өткен аймақтық жарыспен қорытындыланды. Шараның салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының құрметті азаматы, кәсіпкер Құсайын Бақтияров, ауыл ақсақалы Сүйінғали Дауылов қатысты.

 

Жұртты таңғалдырған «Тасқын»

 

Бәйгеге барлығы 18 тай тіркелген болатын. Таныстыру кезеңінде 4 тай  жастан асып кеткендігіне байланысты жарыс жолағынан шығарылды. Ережеге сәйкес, жарысқа түсуші тайлардың жасы бірге жетпеуі керек.

 

Мәреге шабандоз Хамит Тұрлыхан тақымдаған «Гүлсары» атты тай мен Абай Кенжебаевтың «Сұркөжегі» және Қоңдыкер Елеуовтың «Тасқыны» қатар жақындады. Бәйгенің бәсекесі де негізінен осы үш тайдың арасында өрбіді. «Сұркөжек» те, «Гүлсары» да бірінші болып келер еді, «Тасқын» ширақтық танытпағанда. Бірақ, Қоңдыкердің әлі тай бола қоймаған 4 айлық құлыны – «Тасқын» мәреге екі тайдан бұрын жетіп, жұртты таңғалдырды. Жеңімпазға 50 000 теңге жүлде берілді. Тай жарысында «Гүлсары» ІІ, ал «Сұркөжек» ІІІ болып келді.

 

Аударыспақта – әкесі мен баласы

 

Аударыспақ тай жарысындағы ат үстіндегі күреске 8 жігіт қатысты. Олар бір-бірімен жеребе арқылы жұпталды.

 

Бұл жарыста Әспембет Қайыржанов ІІ, ал қособалық Бағдат Ғабдрахимов ІІІ орын алды. Жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов марапаттады.