18 Наурыз 2019
307

Ақжайық ауданында ұлттық жекпе-жек спорт клубы ашылды

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта ұлттық жекпе-жек спорт клубы ашылды. «Алшын» деп аталатын бұл клуб кәсіпкерлердің, оқушылардың ата-аналарының көмегімен жасақталды.

 

 

М.Әуезов атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, осы клубтың аға жаттықтырушысы Берік Баймурзин клубты жасақтауға қолдау көрсеткен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке, қашанда көмекке дайын «Жігер» спорт клубының директоры Марат Ығылмановқа, ауыл азаматтары Руслан Баймурзиев пен Әлжан Досмақовқа ризашылық білдірді.

 

2014 жылы Оралдағы «Динамо» спорт клубымен бірлесіп, мектеп жанынан қоян-қолтық күрес үйірмесін, 2015 жылы Ақжайық агротехколледж директоры Бақытжан Қоспаевтың қолдауымен осы колледжде «Көк бөрі» патриоттық клубын ашқан Б.Баймурзиннің еңбегіне ауылдастар дән риза.

 

Республикалық Ұлттық жекпе-жек федерациясының шешімімен Б.Баймурзин аудандық ұлттық жекпе-жек федерациясының президенті болып тағайындалған. 2016-2017 жылдары облыста өткен кикбоксингтен оның шәкірттері жеңімпаз атанған.

 

 

Бүгінде мұнда аптасына үш рет жекпе-жек үйірмесі өткізіледі. Айта кетерлігі, 6 жастан асқан баладан егде жастағыларға дейін осында дайындық жасауға болады. Көлемі 10х6 шаршыметр болатын мұнда спорттық құралдардың бәрі бар.

 

- Әзірге 50-ден аса ұл баланы жекпе-жекке дайындаудамыз. Болашақта қыздарды да үйірмеге алмақпыз,- деді Б.Баймурзин.