19 Наурыз 2019
389

Жалпақталда полицияның фронт-офисі ашылды

 

Қазталов ауданы Жалпақтал полиция бөлімінің жанынан фронт-офис ашылды. Азаматтарды қабылдау кеңсесі ішкі істер органдарының жаңғыртуға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында іске асты.

 

 

Мұнда ауыл тұрғындары полиция бөліміне қатысты сұрақтарына жауап алып, қабылданған арыз-шағымдардың қаралуын қадағалай алады. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, фронт-офистің ашылуы азаматтардан келіп түсетін өтініштердің қаралу мерзімін қысқартып, полиция жұмысының ашықтығын және сұрақтардың жедел шешілуін қамтамасыз етеді. Бұл халық пен тәртіп сақшылары арасындағы көпір болмақ.

 

- Полиция қызметі халыққа жақын болу үшін ашылды. Бұрын тас қамалдай бекінген тор қоршаулар болмайды. Кеңседе тұрғындардың еш кедергісіз арыз-шағымын айтып, қалаған маманнан кеңес алуына жағдай жасалған. Тәртіп сақшылары әскери киімсіз сыпайы әрі жүйелі қызмет көрсетеді. Бұл - халық пен полиция арасындағы сенімді нығайту, қызмет сапасын арттыруға көмектеседі,-дейді Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Әзілхан Қайырханов.