20 Наурыз 2019
371

Ақжайықта бадминтоннан аудандық турнир өтті

 

Мәслихаттардың 25 жылдығы мен «Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта аудандық мәслихат, «Nur Otan» партиясының филиалы және балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен ұл-қыздар мен ересектер арасында бадминтоннан аудандық турнир өтті.

 

         Оған Бәйтерек ауданынан Үлкен Шаған ауылының өкілдері, Чапаев №1, М.Әуезов атындағы мектеп, Абай атындағы мектеп-гимназия мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қатысты.

         Шараның ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев пен Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

         Бастапқыда бадминтонның қолға алынуына облыстық мәслихат депутаттары Қатауолла Ашығалиев пен Жасұлан Жақыпов үлкен қолдау көрсеткенін ақжайықтықтар әменда ризашылықпен айтып жүреді. Бұл ойын 2014 жылдан аудан орталығындағы үш мектепте бастау алды. Кейін Есенсай, Базартөбе, Мерген, Харькин, Жаңабұлақ, Талап мектептерінде және балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өрістеп, жылдан жылға дамып келеді. Аудан оқушыларынан облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүргендері аз емес. Мәселен, Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Батыр Рауан, М.Әуезов атындағы мектептің оқушысы Әлихан Мағжан, Аружан Ахмет секілді спортшылар қадамдары қуантады. Олар БҚО құрама командасының мүшелері болып табылады.

         Тартысты бәсекеде 2001-2002 жылғы қыздар арасынан Аружан Ахмет (М.Әуезов атындағы орта мектеп), ұлдардан Рауан Батыр (Абай атындағы мектеп-гимназия) І орынды иеленді. 2003-2004 жылдарғы ұлдардан Нұрлыбек Қуат, 2005-2006 жылдары туған қыздар арасында Назира Серік, ұлдардан Сағи Қуанышев (үшеуі де Абай атындағы мектеп-гимназиядан) ешкімге дес берген жоқ. 2007-2008 жылғылардан Нұрбибі Махат (балалар-жасөспірімдер спорт мектебі), Әлихан Мағжан (М.Әуезов атындағы мектеп) жеңіс тұғырына көтерілді. 2009 жылдары туғандардан Гүлназ Есмағзомқызы (балалар-жасөспірімдер спорт мектебі), мен Нұрхат Эдуард (Абай атындағы мектеп-гимназия) жеңімпаз атанды.

         Ересектер арасында І орынды Қуаныш Телағысов (М.Әуезов атындағы мектеп), ІІ орынды Ақылбек Аққайнар (Абай атындағы мектеп-гимназия), ІІІ орынды Азат Нәсіп (балалар-жасөспірімдер спорт мектебі) еншіленді.