20 Наурыз 2019
357

Исламның асыл құндылықтарымен қауыштық

 

         Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

         Елбасы Н.Назарбаевтың тосыннан жариялаған Жарлығын естідік. Ешкім күтпеді. Бірақ, бұл оқиғаның бір күні орын алары сөзсіз еді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, осы күнге дейін қаншама қысылтаяң шақтарды басынан өткізсе де, Нұрсұлтан Әбішұлы халқы үшін аянбай тер төкті. Ең алдымен, ұлттық дәстүр, тіл, діл, дінімізді қайтарды. Көп ұлттан құралған мемелекет болса да, әр адам өз ана тілінде еркін сөйлеп, бабаларынан қалған әдет-ғұрпын ұстанды.

         Осынау 27 жылдың ішінде елімізде екі жарым мыңға жуық мешіт бой көтерді. Жаңа үлгідегі барлық жағдай жасалған мешіттерде жамағатымыз емін-еркін құлшылығын орындауда. Тіпті, Ұлт көшбасшысы Президент болған соңғы күндерінде де ТМД мен Орталық Азиядағы теңдесіз мешіттің іргетасын қалады. Оның қолдауымен барлық мұсылмандарға бір бағытта пәтуа берілуін қамтамасыз ететін Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі құрылды. Халықтың 70 пайызы ханафи бағытындағы мұсылман саналатын мемлекет болашағы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы Мысыр еліне сапарында Қазақстанда ислами жоғары оқу орнын ашуға байланысты шешім қабылдады. 2001 жылы Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің жұмысы басталды. Қазіргі таңда бұл университеттің түлектері араб, ағылшын тілдерін еркін меңгеріп, халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында еңбек етуде.

         Халқымыздың келешегін ойлап, әрекет еткен Елбасыға алғысымыз шексіз!Алла разы болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

 

Еркінбек Ебелекқажиев,

Теректі аудандық мешітінің бас имамы