23 Наурыз 2019
162

Қазталов халқы Наурызды тойлады

 

Ұлыстың ұлы күнінде аудан орталығы Қазталовта «Қош келдің, Наурыз!» атты мерекелік-көпшілік шара өтті. Таңертеңнен мерекелік әуендер ойналып, орталық алаңда ақ шаңқай киіз үйлер тігілді.

 

Мерекелік шараға жиылған халықтың қарасы көп болып, бір-бірімен көрісіп жатты.

 

 

Мәдени-көпшілік шара «Қош келдің, Наурыз!» театрландырылған көрінісінен басталды. Аңыз-әңгімелер желісімен қойылған көрініс ән-күймен көркемделді. Шашу шашылып, наурызкөжеден дәм ұсынылды. Бұдан кейін киелі тайқазанды ортаға шығарып, қасиеті кеңінен түсіндірілді. Ашық аспан астындағы театрландырылған көріністе көпшілік қазақтың ұлттық ойыны қыз қуу мен арқан тартыс ойындары көрсетілді.

 

Наурыз мейрамына жиналған жұртшылықты аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтады.

 

-Құрметті жерлестер! Қадірлі ағайын! Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың, татулық пен түсіністіктің жайдарлы, жарқын мерекесі Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

 

Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс-берекенің арқауы саналған. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс -тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп бағалаған. Көктемнің осынау күн мен түн секілді ел мен елді, ұлт пен ұлысты қоса теңестіретін жарқын мерекесі, Ұлыстың ұлы күні - əз-Наурыз баршаңызға жақсылық сыйлап, шаңырақтарыңызға құт-береке әкелсін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ардақты ағайын! - деді Абат Шыныбеков.

 

Мерекелік ән-шашудан соң тұрмыстық бұйымдар, ұлттық тағам және қой тігілген лотерея ойнатылды. Сонымен қатар орталық алаңда қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, оған көршілес Ресейдің шеберлері қатысып, өз қуыршақтарын көпшіліктің назарына ұсынды.

 

Александров Гай ауданынан келген қонақтардың атынан Александров Гай аудандағы ұлттық мәдени орталықтың директоры Орынай Картабаева сөз алып, көпшілікті Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, əр шаңыраққа береке-бірлік, лайым да тыныштық əкелсін деген тілегін жеткізіп, аудан басшысының арнайы сый-сыяпатын табыстады.

 

Шұбат ішу мен ас жеуден өткен сайыс мерекелік шараның көркін ашса, орталыққа жиналған көпшілік арқан тартыс, қой көтеру, сондай-ақ гір тасын көтеру мен асық ату сынды ойындарға қатысып, алтыбақан тепті. Көктем шуағы сезіліп, халық мерекелік көңіл күйге бөленді. Халық киіз үйлерді аралап, наурызкөже мен ұлттық тағамдардан дәм татты.

 

Шара соңында Қазталов ауылының әкімі Жүсіп Шакуов «наурызқоржын» таратқан кәсіпкерлер мен мекеме, ұйымдарды марапаттады.

 

Ұлыстың Ұлы күні сондай-ақ ауданға қарасты ауылдық округтерде де барлық сəн-салтанатымен аталып өтті.