28 Наурыз 2019
300

Чапаевтағы халықтық театр комедиялық қойылымды сахналады

 

Ақжайық ауданының орталығы Чапаевтағы мәдени-демалыс орталығы жанындағы халықтық драма театры ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, драматург Дулат Исабековтің «Есепшот, түйетауық және домино» атты комедиялық қойылымын көрермен назарына ұсынды.

 

 

Бұл тұрғындарға көктем шуағымен бірге келген көтеріңкі көңіл-хошты еселеген кеш болды. Қойылымда Ақлима рөлінде Ләззат Қапашева, Қаршығаны Гүлжамал Қайбалиева, Сопытайды Сейілхан Ибраемов ойнап шықса, Аслан Бақтығалиев Ботпай рөлін сомдады. Қойылым басталысымен көрермендердің езуіне күлкі үйіріліп, аяқталғанша дуылдаған шапалақ пен күлкі тиылмады. Қарапайым ауыл тұрғындарының арасындағы қызықты да шиеленісті қарым-қатынас барысында қайнаға мен күйеу бала, қайын сіңілі мен жеңге арасындағы жарасты әзіл-қалжың, қазақы табиғи мінез бен туыстық байланыс көрсетілді.

 

Қоюшы-режиссер Күлім Әлмұханованың айтуынша, театр өнерпаздары тек бір бағытта ғана шектелмей, ән де айтып, түрлі аспапта ойнап жүрген сегіз қырлы бір сырлы жандар. Бұған өнерсүйер қауым сөзсіз көз жеткізіп жүр. Театр ұжымының алдағы мақсаттары да айрықша. Ауылдар мен облыс аудандарына сапарлау жоспарда бар.