29 Наурыз 2019
206

Қаратөбеде еркін күрестен облыс чемпионаты өтті

 

Қаратөбе ауданында 2004-2006 жылы туылған кіші жасөспірімдер мен қыздар арасында еркін күрестен Батыс Қазақстан облысының чемпионаты мәреге жетті.

 

 

Аталған спорт додасында Орал қаласы, Ақжайық, Бөрлі, Қазталов, Жаңақала, Тасқала, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе ауданы командалары сапында 120 жас балуан боз кілемде өнер көрсетті.

 

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева жас балуандарымызды жетілдіретін жарыстарды жиі өткізудің маңызына тоқталды. Чемпионатқа қатысушылар қатарында аталған айтарлықтай тәжірибе жинаған балуандармен қатар, күрес өнеріне енді-енді қадам басқандар да болды. 

 

Алғашқы боп боз кілемге ең жеңіл салмақтағылар шықты. 32 келіде қатысушылар саны аз болмады. Қарсыластарына дес бермеген бөрлілік Мейрамбек Сылыбаев жеңіс тұғырынан көрінді. 35 келі салмақта Ержан Серік (Орал), 38 келіде Бекзат Серікқали (Ақжайық) ие болды. Ал, 41 келіде Әсет Жакиев (Жаңақала), 44 келі салмақта Темірлан Нағашыбай (Орал), 48 келіде оралдық Мейрамбек Алтынбек жеңімпаз атанды. 52 келіде сырымдық балуан Қазбек Бахитов, 57 келі салмақ дәрежесінде Расул Нұрланов (Орал), 62 келі салмақта Орал қаласынан Төлепберген Мақсотқа тең келер ешкім болмады. Жасөспірімдер арасында ауыр салмақ саналатын 68 келі салмақта Демесін Нұрқанат (Ақжайық), 75 келіде Мақсот Қарасаев (Сырым), ақжайықтан келген балуандар 85 келіде Қайрат Дәулеткереев, +85 келі салмақта Әділ Асқар жеңіс тұғырынан көрінді.

 

Ұлдармен иық тірістіріп өздерінің мықтылықтарын дәлелдеген қыздарда осал емес. 33 келіде Нұрай Алтай (Орал), шыңғырлаулықтар 36 келіде Ару Едегеева, 39 келіде Гүлзада Китарбаева, Орал қаласының балуандары 42 келі салмақта Айымгүл Елеусинова, 46 келіде Данагүл Бақытжанова иеленді. Ал, 50 келіде Орал қаласынан келген Айымгүл Абылова, 54 келіде Мейрамгүл Мақсот жеңіс тұғырынан көрінді. 58 келіде сырымдық Айгерім Хусайын, 62 келі салмақта Алма Қанатова (Орал), 66 келі салмақ дәрежесінде Аружан Дәуқариева (Шыңғырлау) иеленді.