29 Наурыз 2019
355

Сырым ауданында 11-сынып оқушыларына білім жетілдіру курсы өтті

 

Төрт күн бойы Қ.Мырзалиев атындағы мектептің базасында аудан мектептерін бітіруші 78 түлекке Сырым ауданының үздік педагогтары дәріс берді.

 

 

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дайыр Сапаровтың айтуынша, курс «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі», «Орыс тілі» және «Математика» Ұлттық бірыңғай тестілеудің міндетті пәндері бойынша өткен. Түлектер алдағы уақытта таңдау пәндері бойынша да осындай оқулар ұйымдастырылса деген ұсыныс айтыпты.

 

Бүгін курсқа қатысушы түлектермен Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов кездесті. Кездесуде мамандық таңдау мәселесі сөз болды.

 

- Әрбір түлек мемлекеттік гранттың иегері атануға тырысуы керек. Ата-ана мен ұстаздың еңбегіне рахмет айтудың бұдан артық жолы жоқ. Ауданда техникалық мамандықтарға, ағылшын, математика, орыс тілі пәндерінің мұғалімдеріне, медицина қызметкерлеріне сұраныс бар. Қоғам болған жерде бұл мамандықтарға сұраныс бола береді. Түлектер мамандық таңдау кезінде жергілікті сұранысты да ескеру керек. Бұл – жұмыссыздықтың алдын алудың әдісі ғана емес, елге еңбек етудің де амалы,- деді аудан әкімінің орынбасары.

 

Айта кетейік, Сырым ауданы бойынша биыл 169 түлек орта мектепті аяқтайды.