04 Сәуiр 2019
310

Теректіде Дариға Мұштанованың шығармашылық кеші өтті

 

Теректі ауданы Подстепный ауылдық Мәдениет үйінде ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ы.Алтынсарин медалінің иегері Дариға Мұштанованың шығармашылық кеші өтті.

 

 

Әдеби кеш өлең мен әнге сусындаған халықтың айызын бір қандырды. Өзге емес, өзі айтқан өз жайында Дариға Ғазезқызы балалық шағына саяхат жасап, өмір жолындағы қызықтарын еске алды.

 

- Мен – офицердің қызымын. 1954 жылы 3 наурызда Орал қалалық №2 перзентханада шыр етіп дүние есігін ашқанмын. Сол кезде офицерлер арасында Қасым Аманжоловтың «Дариға» әні хит болып жатса керек. Әкем көп ойланбастан, есімімді Дариға қойыпты. Көңілім құлазыған сәтте Қасым ақынның өлеңдерін оқып, бір тынығып қалатыным содан. Бұл кешке ат қойған кезде «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деген Қасым ақынның әні тіліме орала берді. Балалық шағым бұрынғы Фурманов ауданы (қазіргі Қазталов ауданы) Киров ауылында өтті. Көктерек ауылында мектеп-интернатында білім алдым. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде өзімше бір-екі жол өлеңді шатпақтап жазып жүрдім. Бір күні қыздардың аудандық газетке өлеңдерін жіберейін деп жатқандарын естіп, мен де өлеңімді конвертке салдым. үш қыздың өлеңінің ішінен тек қана менікі жарияланыпты. Екі қыздан ұялып, бір күн сабаққа бармадым. Келесі күні мектеп директоры лездемеде бәрінің көзінше газеттен өлеңімді оқып, жылы лебізін білдіріп, шабытыма шабыт қосты. Содан кейін өзегімді өртеген мәселені өлеңіммен бөлісетін болдым. Еңбек жолым Көктерек мектебінің мұғалімі, ауыл клубының меңгерушісі, аудандық газет редакциясында тілші, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары, «Орал өңірі» газетінің тілшісі, «Үміт» лингвистикалық гимназиясында директор, Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрында мәдениет қызметкері болып жалғасты. Айтысқа қатысып жүрген кезде жаныма жақын көп дос таптым. Шығармашылық кешіме шашбауымды көтеріп келіп отырған достарыма алғысым шексіз, - деді ақын.

 

Дариға Ғазезқызының шығармашылық кешінде аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші, айтыс ақыны Қатимолла Бердіғалиев, ақын Сағынтай Бисенғалиев, әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетова, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері, ұстаздар қатысты.

 

Кеште ақын өлеңдерін «Үміт» лингвистикалық гимназиясының оқушылары, мәдениет үйі қызметкерлері мәнерлеп оқыды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормония әншісі Еркін Өтеген, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, «Ерен еңбегі» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы филормония әншісі Күләш Қуанышқалиева, Теректі ауданының мақтаныштары «Үшқоңыр» тобы Д.Мұштанова сөзіне жазылған әндерді әуелетті. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова кеш иесінің «Аңыз болған абысындар» кітабынан үзінді оқып, көрерменнің кітапты оқуға қызығушылығын арттырды. Өзіне тән дара жолы бар ардагер ұстаздың үзеңгілестері жылы естеліктерімен бөлісіп, ақынға арнауларын оқып, ән арнады. Кешке қатысушылар «сен ақ кемпір, мен қара шұнақ шал болғанша» айтысам дейтін қаратөбелік айтыскер Александр Қауенов жайында толық білгісі келіп сұрақтарын қойды. Кеш соңында Дариға Ғазезқызы «Өнер адамы» атты монологын оқыды.

 

Дариға Мұштанованы аудан әкімі Әділ Тауфикұлы мерейтойымен құттықтап, гүл шоғын табыстап, иығына зерлі камзол жауып, құрмет көрсетті.