04 Сәуiр 2019
563

Ақсайда жаңа қоқыс полигонын салу жоспарлануда

 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев Бөрлі ауданына жұмыс сапарымен келді.

 

 

Алдымен Бөрлі ауылындағы ауылшаруашылық колледжіне және Ақсай техникалық колледжіне барып, студенттердің  жағдайымен танысты.

 

- Колледжде 11 оқу кабинеті, 4 арнайы пән кабинеті, 2 оқу шеберханасы, 17 оқу залы мен 95 орындық акт зал, 200 орындық асхана бар. Оқу орнымыз КПО б.в., АО «Казбургаз», ТОО «Aksai conteen Service», АО «Конденсат», ИП «Огай», ИП «Актауова», ИП «Буланаева», ТОО «Казмонтажсервис», ТОО «Транспортник», ТОО «Ak Salam Group», «Омаров» ЖК секілді компаниялармен серіктестік жасап, студентерді практикадан өткізіп, жұмысқа орналастыруға да мүмкіндік алып жатырмыз.

 

2017-2018 оқу жылдары бітірген түлектердің 90 пайызы мамандық бойынша жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта 307 студент білім алып жатыр, -деді колледж директоры Мирболат Дияров.

 

- Студенттердің жан-жақты болуы басты міндет. Тек оқумен ғана шектелмей спортта, ғылымда, әртүрлі сайыстарда белсенділік көрсетуі маңызды. Сапалы білім - сапалы өмірдің кепілі. Осыны алға мақсат етіп, жұмысты одан әрі ширату керек,-деді Ғали Нәжімеденұлы.

 

Көпті алаңдатып отырған мәселе қоқыс алаңының толуы. Мұнымен қоса қоқыс шығару жұмысы да сын көтермейді. Ғали Есқалиев қоқыс полигонында болып, мәселені көзбен көрді.

 

- Қоқыс полигоны 19 гектар аумақты алады. Жұмыс әуел басынан дұрыс жоспарланбағандықтан аяғы осыған әкеліп тұр. Полигонның 95 пайызы қоқыспен толған. Бұрынғы ескі жүйе бойынша қоқысқа тастауды тоқтатамыз. Бұл мәселені біржақты еткеннен кейін жаңа қоқыс полигонын салу жоспарда бар. Осы полигонан бір шақырымдай жерге орналастырсақ дейміз. Алдағы уақытта біз қойған талаптарды толық атқарып, техникасы бар, қоқысты өңдей алатын мердігерлерді конкурс арқылы таңдаймыз,-деді аудан әкімі Санжар Әлиев.

 

- Бұл жағдайдың шешімін тез арада табу керек. Жаңа техникаларды пайдалану арқылы олқылықтың орнын толтырған абзал. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы қалдықтарды бөліп, өңдеп, өңдеуге келмейтіндерін жою жұмыстарын нақтылау қажет. Жылдың соңына дейін қызметін жауапкершілікпен атқаратын мердігермен келісім жасап, келесі жылдың қаңтарынан бастап жұмысына кірісетін болсын, -деп тапсырма жүктеді өңір басшысының бірінші орынбасары.

 

Одан кейін аудандық мәдениет үйінде ашық кездесу алаңы өтті. Оған аудандық кәсіпкерлер мен тұрғындар қатысты.