05 Сәуiр 2019
748

Бөрліде атқа міну мәдениеті дәріптелді

 

Бөрлі ауданында «Атқа міну мәдениеті ұлы даладан тараған» атты тәрбиелік мәні бар шара ұйымдастырылды.

 

         

 

Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен білім беру бөлімінің бірлесе өткізген шараның мақсаты – «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада көтерілген атқа міну мәдениетін жаңғырту мәселесіне үлес қосу. 

        

Ақсай қаладасындағы №3, 4 мектептің жоғары сынып оқушылары қатысқан танымдық шарада, аудандық ұлттық ат спортының аға жаттықтырушысы Берік Мұқашев жастарға атқа мінудің мәдениеті, пайдасы туралы айта келіп, ат әбзелдерімен де таныстырды.

        

-Атқа мінуді үйрену әркімнің ынтасы мен жігеріне, жаттығуы мен жаттықтырушысына тікелей байланысты .Атқа сол жағынан мінеді. Отырмастан бұрын тізгінді жалымен бірге жинап ұстау керек. Тізгін бос болмауын қадағалап, аттың басын қатты тартпау қажет. Ерге жақын отырып, арқаны тік ұстайсыз. Құлап қалмас үшін тепе-теңдікті сақтап, тақымды берік қысу қажет,- дейді жаттықтырушы.

        

-Қазақта дүниеге бала келсе, «Атұстарым» келді деп, ер жетсе «Ат жалын тартып мінді» деп айтады. Баланы ашамайға отырғызу дейтін салт тағы бар. Баланың өмірге келуі де, ер жетуі де атпен байланыстырылған. Әр қазақ үшін баласының атқа мінуі қуаныш, той болған. Ал бүгінгі өмір, әрине, басқа. Жалы төгілген сәйгүлікті көрсек «Паһ, шіркін» деп қызығымыз да қоямыз. Сондықтан да тек әдемі сөзден гөрі, көзбен көрсетіп, ұлттық құндылығымызды жастардың бойына барынша сіңіргіміз келеді,- деді «Ақсай» мәдени-бұқаралық ат спорты кешенінің басшысы Исатай Қарабаев.