09 Сәуiр 2019
383

«Адалдық алаңы» - Жалпақталда

 

Қазталов ауданында «Адалдық алаңы» атты жобасы аясында құрылған арнайы жұмыс тобы бүгін Жалпақтал ауылында болып, мұндағы халыққа қызмет көрсету орталығын және аурухананы аралады.

 

 

Бұл жобаның басты мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, оның деңгейін төмендету және азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Бұл тұрғындарға қажетті қызмет түрін кедергісіз алуға жол ашады.

 

Қазіргі күнде Жалпақтал аймағы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы күніне 100-ге жуық ауыл тұрғынын қабылдап, 500-ге тарта қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша жылжитын және жылжымайтын мүлікті тіркеу жұмыстары арнайы маманның, арнайы тіркеу базасының жоқтығынан жұмыс аяқсыз қалып отыр. Аралау барысында компьютердің жетіспейтіндігі де байқалды. Мұнан кейін топ мүшелері Жалпақтал ауруханасын аралап, ем алушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

 

-Бұл тексеру емес, соны түсінуіміз керек. Бұл жерде әкімдіктің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мәслихаттың депутаттарымен бірігіп, қандай ұсыныстар жасайтынын шешеміз. Азаматтарымыз тегін, жақсы жерде өздеріне қажетті қызметтерді алуы керек,-дейді топ мүшесі, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева.