10 Сәуiр 2019
399

Мемқызметкерлер кітапқұмар басшымен кездесті

 

Ақжайық ауданының орталығында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Чапаевтағы мемқызметкерлермен «Демалыста кітап оқы!» атты жүздесу өтті.

 

 

Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы, аудандық кітапхананың «Көп оқитын басшы» аталымын иеленіп жүрген, қазақ жазушыларының шығармаларын жанына серік еткен Мәлік Мұхтар жиналғандармен емен-жарқын әңгімелесті. Ол жылына 60-70 кітап оқып, әдебиетті оқырман қауымға таныстырып жүрген белсенді жанның бірі, үлгілі отағасы. Мәлік Қабдыұлы кітап оқудың құдіретін, көркем әдебиеттен ой түюдің бір ғанибет екенін айтты.

 

–Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – рухани мәдениетіміздің бір парасы емес пе. Соның бәрі кітап әлемінде бар. Иә, тіршілікті кітапсыз көзге елестету мүмкін емес, - деген ол өз ой-пайымын кеңінен ортаға салды.

 

Кітапханашы Әнуар Қайыржанов пен сұрақ-жауап арқылы жүргізген жүздесуде аудан әкімі аппараты басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Ердос Үмітов сөз сөйлеп, әріптестерін кітапты жүйелі түрде оқуға шақырды. Одан әрі әңгіме «Жаңа кітаптар», «Мен оқыған кітаптар» атты кітап көрмелері жанында өрбіп, өткен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясында қалың оқырман қауымға ұсынған Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Әбділдә Тәжібаевтың «Өлеңдер жинағы» туралы айтылды. Мемқызметкерлер біраз кітапты жаздырып алды.