10 Сәуiр 2019
248

«Smart Syrym» қосымшасы үш тілде қызмет көрсетеді

 

Осыған дейін Android қолданушыларына мүмкін болған «Smart Syrym» мобильді қосымшасы енді IOS платформаларындағы қондырғыларға да орнатыла бастады. Мобильді қосымша үш тілде және латын әліпбиінде қызмет көрсетеді.

 

 

 

«Smart Syrym» қосымшасы 15 айдардан тұрады. «Қызмет» айдары арқылы қолданушы тұрғын үй, жер телімі кезектерін қарап, аудандағы бос жұмыс орындары, айыппұл, учаскелік полиция инспекторлары туралы ақпараттарды ала алады. Сондай-ақ осы айдарда әкімдер мен мекеме басшыларының қабылдауына онлайн жазылу мен атаулы әлеуметтік көмек калькуляторы қызметі де бар. Сырым ауданы әкімі аппаратының бас маманы Қайрат Ишанғалиевтің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек калькуляторы қызметі арқылы әрбір тұрғын өзінің жанұясына әлеуметтік көмектің қаншалықты тиесілі екенін оңай анықтай алады.

 

«Медицина», «Білім беру» саласындағы мемлекеттік қызметтерден бөлек, аудандағы бизнес нысандар, соның ішінде автосервис, шиномонтаж, шаштараз, ателье, дәнекерлеуші, слесарь, сантехник, кондитер секілді тұрмыстық қызметтер де қолданушылар игілігіне ұсынылған. «Көлік» айдары теміржол және әуебилеттерін алу, әуежай мен вокзал кестелерін білуге көмектеседі. Басқа айдарлар тұрғындар үшін коммуналдық төлемдерді, айыппұлдарды ұялы телефон арқылы төлеуге, полицияға арыз беруге, арызды тексеру, құқықтық статистика, аналитика, жол көлік оқиғасына қатысқан автокөліктерді тексеру мен алиментшіні іздеуге, ауданның тарихи және көрікті мекендері жайлы ақпарат алуға және электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтерді толықтай алуына жағдай жасап отыр. Айдарлардан тыс, дабыл нөмірлері мен өңірдегі такси қызметі де қосымшада бар.

 

Мобильді қосымша аудан тұрғындарына онлайн – сервистің қызметін барынша тиімді тұтынуға шақырады.