11 Сәуiр 2019
263

Шыңғырлаудағы «WorldSkills Kazahstan» өңірлік чемпионаты өтті

 

Шыңғырлау ауданында облысымыздың болашақ кірпіш қалау мамандық иелеріне арналған «WorldSkills Kazahstan» өңірлік чемпионаты өтті. Елімізде 2014 жылы бастау алған аталмыш жоба биыл бесінші мәрте өткізіліп, жылдан жылға өткізілу деңгейі мен қатысушылар саны артып отырғанын байқауға болады.

 

 

Облыстағы жоғары аграрлық-техникалық колледж, Жәнібек, Тайпақ, Тасқала мен Шыңғырлау колледжі командалары қатысты.

 

Өңірлік чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Альберт Есалиев қатысушылар мен ұйымдастырушыларды құттықтап, бүгінгі қоғамдағы маңызды әрі тапшы құрылыс, ауылшаруашылық секілді мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған осындай шаралардың қажет екендігіне тоқталды. Ал облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинетінің техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Р.Қуанышалиева облыс көлемінде Шыңғырлау ауданының кірпіш қалау мамандық иегерлері тек облыстық емес, республикалық деңгейде орын алып жүрген шебер маман дайындауға үлес қосқан колледж екендігін айтты. Әсіресе, Шыңғырлау колледжінің түлегі Орынбай Айдар былтыр Астанада өткен республикалық «WorldSkills Kazahstan» чемпионатында «Ең үздік маман» номинациясын жеңіп алғанын ерекше атады.

 

Шара шеберхана залында алты сағатқа ұласқан кірпіш қалау сайысымен жалғасты. Көрер көзге оңай көрінгенімен, аса нақтылық пен біліктілікті талап ететін байқауда нағыз мамандар бақ сынасты. Тас қалау барысында қатысушылар берілген тапсырмаға сәйкес бірнеше қайтара өлшеп, формула бойынша санап, өздерінің біліктіліктерін көрсетті. Сайыстың нәтижесі 26 сәуір күні Орал қаласының драма театрда өтетін қорытынды жиналыста жарияланатын болады.