12 Сәуiр 2019
218

Бәйтеректе адам құқығын қорғау мәселесі жөнінде семинар өтті

 

Бәйтерек ауданы Переметный ауылында «Еуразиялық құқық қорғау орталығы», «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен «Адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйым мен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесу деңгейін көтеру» тақырыбында семинар өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен семинарға ауыл тұрғындары қатысты.

 

 

- Біздің мақсатымыз – мемлекет атқарып отырған міндеттерді халыққа кеңінен түсіндіру. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақының бөлінуі. Олардың нақты қандай отбасыларға тиесілі екендігін егжей-тегжейлі ұғындыру. Мәселен, төрт баласы бар екі отбасының бірі атаулы әлеуметтік көмек алса, екіншісі алмау мүмкін. Ол отбасының не себепті мемлекет тарапынан берілер жәрдемақыдан қағылып отырғандығын айтамыз. Өйткені бір отбасында ер азаматы болмаса, екінші отбасында болуы мүмкін. Дегенмен ол жұмыссыз болса, жұмыс табуына септігімізді тигіземіз.

 

Бұл бір ғана мысал. Біз тек мемлекеттен бөлінер жәрдемақыны ғана емес, заңнамалар мен бұйрықтарды да халыққа кеңінен насихаттап келеміз. Сәуір айынан бастап көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға төленетін жәрдемақы көбейтіліп жатқаны мәлім. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап зейнетақы да өспек. Бұлардың барлығын біз халыққа жете түсіндірудеміз, - дейді «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиева.

 

Айта кету керек, құрылғанына жеті жылдың жүзі болған қоғамдық қор бұған дейін Маңғыстау облысының Мұнайлы, Атырау облысының Жылыой аудандарында болып, семинар өткізген.