15 Сәуiр 2019
200

Ақжайықта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының екі жылдығына орай шара ұйымдастырылды

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығына орай шара ұйымдастырылды.

 

 

Н.Майданов атындағы саябаққа жиналғандар алдында Елбасымыздың аталған бағдарламалық мақаласында ұлттық сана, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы тұжырымдалып және нақты дәлелдермен баяндалғаны туралы аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов айтып берді.

 

–Аталған мақала негізіндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжатқа айналды. Қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде осыған байланысты іргелі істер жан-жақты жүргізілуде. Ауданымызда да қазіргі кезге дейін бірқатар іс атқарылды. Алдағы уақытта да жалғасын табады, -деді ол.

 

Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері, ат спортының жаттықтырушысы Жанәділ Ғазизов атқа міну мәдениетін көрсетті. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, мәдениет саласының өкілдері мерекеде мұны жан-жақты насихаттады. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

 

Концерттік бағдарламада «Радуга» славян орталығы, «Асыл әжелер» ансамблі, музыка мектебінің ұжымы, мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері, агротехколледждің «Статус» көңілді тапқырлар командасы өнерлерін ортаға салды.

 

Шарада осыған дейін аудандық спартакиада шеңберінде қол күресі, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, президенттік көпсайыс пен үстел теннисінен өткізілген сайыстың жүлдегерлеі марапатталды. Қорытындысында қол күресінен Р.Қырықбаев (Жаңабұлақ), тоғызқұмалақтан Ш.Қуаншалиева (Мерген) мен Н.Нәсіпқалиев, үстел теннисінен Қ.Темірғалиев (екеуі де Чапаевтан) және Ф.Қуанышқызы (Алғабас), президенттік көпсайыстан Қ.Нәсіпқалиев (Құрайлысай), Н.Сейтов (Бударин), Г.Бақтыгереева (Көнеккеткен) және Н.Маубасова (Бударин) және жеңіл атлетикадан жүлдегер атанды.

 

Жиын ұлттық ойындарға ұласты. Арқан тартыстан аудандық аурухана, асық атудан М.Әуезов атындағы мектеп ұжымы жеңіс тұғырынан көрінсе, бес асықтан Дина Бекмағамбетова, қол күресінен Ақылбек Аққайыров, Ринат Абатұлы жеңімпаз атанды. А.Аққайыров воркауттан да жеңімпаз болды. Жалпы командалық есепте І орынды М.Әуезов атындағы мектеп командасы иеленді. Жүлдегерлерге «Сенім» кәсіподақ ұйымы атынан естелік сыйлық табысталды.

 

 

Нұрхат Мағзомов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz