16 Сәуiр 2019
246

Сырым ауданында қаламдар көрмесі ашылды

 

Бүгін Сырым ауданындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Қалам алдым қолыма, тарихымды көрмекке!» атты қаламдар көрмесі салтанатты түрде ашылды.

 

 

Көрмеге аудандық музейдің қорындағы және облыстық музейдің қорынан алдырылған 40-қа жуық қалам қойылыпты. Оның ішінде, нақтысы 1959 жылдан, тіпті одан да бұрын қолданыста болған қаламұштар, қарындаштар, қауырсын қаламдар мен сия сауыттар бар. Келушілерді Қ.Мырза Әли, Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов секілді белгілі ақын - жазушылардың, дәрігер Келлер мен мұнайшы Хамит Ғабдуллин тұтынған қаламдар мен қарындаштар ерекше қызықтырды. Ерекше жәдігерлер деп, Мәскеудің әйгілі жазу құралдарын шығаратын зауытының өнімдерін, сонымен бірге журналист, жазушы Б.Ойшыбаевтың Франция, Болгария мемлекеттерінен алып келген жеке қаламсаптарын айтуға болады.

 

Бүгінгі күні адамдардың қалам қолдануды сиреткені шындық. Себебі, техниканың дамуы жазу құралдарына деген сұранысты азайтты. С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, қалам – тарихты бүгінгі заманға «тірі күйінде» жеткізген ұлы аспап. Оны тану арқылы, адамдар тарихты, тарихты жасаған тұлғаларды таниды.

 

Жымпитыдағы қаламдар көрмесі бір ай бойына жұмыс жасайды.