18 Сәуiр 2019
376

Теректіде аймақтық абысындар байқауы өтті

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абысын шоу» аймақтық этнографиялық байқауы өтті.

  

      

Отбасының құты, берекесі мен ұйытқысы атанған инабатты келіндер бақ сынаған сайысқа Бәйтерек, Қаратөбе, Теректі аудандарынан үміткерлер қатысты.

        

Абысын-ажын сайысы «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» (таныстыру), «Інжу-маржан» (ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерден көрініс қою), «Сыр сандық» (сұрақ-жауап), «Асы дәмді, дастарханы сәнді» (ұлттық тағамдар дайындау), «Өнерлі келін сүйкімді» (сырмақ, текемет, киіз басу, құрақ көрпе құрау, қыз жасауын дайындау барысын бейнероликпен көрсету) сынды кезеңдерден тұрды.

        

Қос етек көйлегі мен ақ орамалы жарасқан абысындар бар өнерлерін ортаға салып, туған өлкесі мен әулетінің намысын қорғады. Табиғи дауыста халық әндерін шырқап, қазақтың күйін күмбірлетіп, мың бұрала биледі. Ұлттық құндылықтар дәріптелген сайыста қаратөбелік келіндер ұрын бару, Ақсоғым және Ақжайық ауылдарының абысындары бастаңғы, Бәйтерек ауданынан келген қатысушылар баланың бауырын көтеру дәстүрінен көрініс қойып, жөн-жоралғылармен таныстырды.

        

Байқауды тамашалаған көрермен сырмақ пен киіз басу, түрлі әшекей бұйымдар жасаудың қыр-сырына қанығып, әсіп, ірімшік сарысуы, жент ұлттық тағамдарының дайындалу жолын үйренді. 

        

Сайыста береке-бірліктің үлгісін көрсеткен бәйтеректік абысын-ажын Анар Сисенова мен Жанат Зоханова бас жүлде, Қаратөбе ауданының келіндері Аяжан Исмагулова, Гүлайым Қайырғалиева І орын, Ақсоғым ауылдық округінің намысын қорғаған Айғаным және Айсұлу Тусургалиевалар ІІорын, ал Ақжайық ауылының атынан қатысқан Айсезім Крумгалиева мен Гүлнұр Қаражанова ІІІ орынды иеленді.