19 Сәуiр 2019
554

БҚО-да республикалық Қадыр оқуларының жүлдегерлері анықталды

 

Сырым ауданында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туған ауылы Жымпитыда ІІ республикалық Қадыр оқулары аяқталды. Ауданға Қазақстанның қиыр-қиырынан келген қонақтар Сырым шыққан төбедегі кесенеден қарсы алынды. Қонақтар Сырым кесенесіне гүл шоқтарын қойып, тәу етті.

 

 

Қадыр ескерткішіне тәу ете келген байқау қатысушыларына аудандық, облыстық Қадыр оқуларының жүлдегерлері өлең оқып, әдеби монтаж көрсетті.

 

Сырым ауданы әкімдігінің төл жобасына айналған, екінші рет өткен шығармашылық шараға Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Шымкент қалаларынан және Сырым ауданынан барлығы 38 оқушы қатысты.

 

Оқушылар Қадырдың өлеңдерін жатқа оқу, өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау және ақынға арнаған өз шығармаларын оқу бойынша сынға түсті.

 

Түске дейін аудандық мәдениет үйінде Қадыр оқулары байқауының ашылу салтанаты өтті. Шараға үміткерлерден бөлек ауданның, облыстың тіл жанашырлары, өлеңсүйер халқы да қатысты.

 

Салтанатты рәсімде Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері», ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының директоры, «Сырым ауданының құрметті азаматы» Донеділ Қажымов сөз сөйледі.

 

401 өлеңін жатқа білетін Темірлан

 

 

Ақынның шығармаларын оқу бөлімінде бақ сынаған оқушылар  әрқайсысы сайдың тасындай іріктелген, «мен» дейтіндей екен. Қатысушылардың мәнерлеп оқу шеберлігі, әртістік қабілеті, дикциясы, өлеңге жан дүниесімен еніп, тебірене оқуы денені шымырлатты. Өлеңнің қасиетін сездіріп, оның да бір құдірет екеніне көзімізді тағы бір жеткізді. Мысалы, Қостанай облысы Рудный қаласынан қатысқан қаршадай қыз Шұғыла Темірханованың киген ұлттық киімі де, өлеңі оқу мәнері, әртістік шеберлігі де қазыларды таң қалдырмай қоймады. Шұғыла былтыр өткен І республикалық Қадыр оқуларына да қатысқан болатын. Ақтөбе қаласынан №63 лицейден келген. Ол Қадырдың «Шыда, шыда», «Тағы да қазақтар хақында», «Домбыра» өлеңдерін мықты әсерлі етіп оқыды. Ақынның 70 өлеңін жаттапты.

 

Бұл бөлімде ақынның 401 өлеңін жатқа білетін сырымдық оқушы Темірлан Маратов бас жүлдені қанжығаға байлады. Темірлан Қадыр оқуларының облыстық кезеңінде де ақынның 371 өлеңін жаттап, бас жүлдені еншілеген болатын. Республикалық байқауға 400 өлеңін жаттаймын деген Темірлан сөзінде тұрып, 401 өлеңге қоса «Қызыл кітап» поэмасын түгел жаттап алыпты. Темірлан Маратовты байқауға дайындаған ұстазы Қ.Мырзалиев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Самал Батырова.

 

«Өлеңнің шыңы болса – Мырзалиев,

Басында ойнар мен болам – құлжа киік!»

 

 

Қадыр ақынға арналған жырлардың байқауы «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» деген тақырыппен өтті.

 

Қадырға арналған 14 ақынның өлеңінен 14 табиғат, 14 мінез көрінді дей алмаймыз. Себебі, кейбір ақындардың өлеңі ақпараттық сипатта болды. Ал кейбірі өлең жазудың техникасын сақтамай, сәйкесінше айтар ойы туындысында дұрыс көрінбей жатты. Қалған екі бөлімдегідей орындаушылық қабілет қана емес, нағыз табиғи талант пен шығармашылық еңбек сыналатын осы бөлімнен біздер жақсы өлең мен жаңа ой естуге құмартқан едік. Бір қуанғанымыз, сол құмарымыздан шықтық.

 

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айшабибі мектебінің оқушысы Мерейхан Райымбаевтың өлеңі «Бір ана әлдилеген сол бала, Бар қазақ алды бүгін дана қылып» деген әдемі тіркесімен есімізде қалды. Өзіміздің ауданның намысын қорғаған жосалылық Айгерім Ұзақбаева Қадырдың шығармашылығына «Өлеңі – бар қазақтың тағдыры!» деп баға берді. Оқырман іздеген ақындық болмыс, сәтті теңеу, сарабдал ой Нұр-Сұлтан қаласындағы № 61 мектептің оқушысы Қажымұрат Табысбектің өлеңінде бар екен. Оның «Өлеңнің шыңы болса Мырзалиев, Басында ойнар мен болам – құлжа киік!» деген тіркесі Қадыр оқуларына келген жастардың, әдебиеттің кейінгі толқынының ортақ ұранындай естілді.

 

Ақынға арналған арнау жырларын оқыған жас ақындарға қазылар белгілі бір тақырыпқа өлең жаздыртып және көрді. Ондағы мақсат – өлеңдегі стиль, мінез сақталады ма, жоқ әлде сақталмайды ма, соны білу. Ақындардың өнерін бағалауда аяқасты берілген тапсырманың шешуші рөл атқарғандығы рас.

 

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

 

 

Байқаудың «Сөздің бәрі құдіретті» Қадыр Мырза Әли өлеңдерін жатқа оқу бөлімінде бас жүлдені Қадыр өлеңдерін жатқа айтуда рекорд жаңартқан Сырым ауданының оқушысы Темірлан Маратов жеңіп алды. Бірінші орыннан Алматы облысы Өскелді ауданынан қатысқан Гауһар Тұрғанбай көрінді. Ал осы бөлімде екінші орынға Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Үлгілі мектебінің Данияр Тұрлыбек пен БҚО Жаңақала ауданы Ә.Жангелдин атындағы мектептің оқушысы Мерхат Назимов ие болды. Үшінші орын Нұр-Сұлтан қаласында №61 мектептің оқушысы Дана Абзалқызы мен Қызылорда облысы Шиелі ауданы №44 мектептің оқушысы Бекзатхан Махамбетке тиді.

 

«Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» атты ақынның сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде бас жүлде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы №9 мектептен келген жас әнші Жомарт Маратовқа бұйырды. Бірінші орынға ие болғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласы №69 мектеп гимназиясының оқушысы Ақжол Сабиғат марапатталды. Атырау облысы И.Тайманов атындағы мектептің оқушысы Аманбек Капсалимов, Түркістан облысы Ордабасы ауданынан келген Нұрқожа Сағатхан екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орынға Алматы қаласы Алатау ауданы №182 мектептің оқушысы Бахтияр Зейнелхан, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Үлкен шаған мектебінің оқушысы Жасмин Жеңіс ие болды.

 

Қадыр Мырза Әли қоғамдық қорының директоры Донеділ Қажымовтың алғыс хатымен Қостанай облысы Рудный қаласы №16 орта мектептің оқушысы Әбілқайыр Қанафин марапатталды. Оған Қадыр ағаның өзінің даусымен жазылған 25 өлеңі бар дискі табыс етілді. Қостанай облысы Рудный қаласы №7 мектептің оқушысы Шұғыла Темірханова да Қадыр Мырза Әлі қорының сыйлығына ие болды. Шұғылаға қазылар алқасының мүшесі, Қадыр Мырза Әли қоғамдық қорының мүшесі, тіл жанашыры Мүтәлі Төреғали ақшалай сыйлық табыстады. Қадырдың сөзіне ән жазған, «Мұхит» әнінің авторы Марат Ордабаевқа да Д.Қажымов естелік сыйлық ұсынды. 

 

Балғын жырларын Қадырша өрген өрендер өнер көрсеткен «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» атты ақынға арналған шығармаларын оқу сайысында бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы С.Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің оқушысы Ақгүлім Ерболова жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Нұр-сұлтан қаласының балғын шайыры Қажымұрат Табысбек иеленді. Алматы облысы, Панфилов ауданынан қатысқан Алуа Асқар мен Қызылорда қаласынан келген жас ақын Жанель Жайыққа  екінші орын лайықты деп шешіпті қазылар алқасы. Үшінші орын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген Әсел Рымбаева мен Жамбыл облысы Жамбыл ауданының намысын қорғай келген Мерейхан Райымбаевқа тиесілі болды. 

 

Сырым ауданы әкімінің арнайы жүлдесін Т.Төреғалиев Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ы.Алтынсарин мектебінің 10 сынып оқушысы Дильназ Хатмиоваға табыс етті.

 

Гала концертте бас жүлде иегерлері өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.