19 Сәуiр 2019
420

Қадырдың сөзіне жазылған «Мұхит» әнінің тұсауы кесілді

 

Сырым ауданында өткен ІІ республикалық Қадыр оқуларында Қадырдың сөзіне жазылған «Мұхит» әнінің тұсауы кесілді.

 

 

Байқауда жылдан-жылға географиялық өсім, қатысушылардың деңгейінің де жоғарылауы байқалады. Қадыр ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау сайысы жөнінде пікір білдірген Донеділ Қажымов, қатысушылардың тарапынан ізденістің жоқ екенін айтты. Себебі, олардың дені белгілі әншілер репертуарындағы дайын әндерді орындай салған. Ал Қадырдың «Мұхит» деген өлеңіне арнайы ән жазып, оны өңдеп, Жымпитының сахнасына әкеліп, тұсаукесерін жасаған Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынан келген Марат Ордабаев пен оның шәкірті, жас әнші Жомарт Маратов қазылардың жоғары бағасына ие болып, бас жүлдені еншіледі. Жомарт балабақшадағы кезінен ән айтып, көзге түскен. Отбасымен түгел ән айтады. Бұған дейін Қадыр әндерін гитарамен орындап жүрген Жомарттың ұстазы Марат Ордабаев республикалық байқауға жаңа ән жазу туралы идеяны ұсыныпты. Шәкіртпен ұстаз ойлана келе, «Мұхит» өлеңіне тоқтапты.

 

 

 –  Қадыр ақынның 300 – ге жуық өлеңі әнге айналды. Бүгін осы тізім тағы бір әнмен толықты. Жаңа ән – Қадыр оқуларының олжасы! Енді Қадырдың ән қоржынына қосылған жаңа әнді елге кеңірек насихаттау керек,– деді бұл туралы Донеділ Қажымов.