22 Сәуiр 2019
281

Баскетболдан жарыс өтті

 

Бәйтерек ауданына қарасты Дариян мектебінің ұжымы мен жастар белсенділерінің ұйытқы болуымен баскетболдан он екі дүркін облыс чемпионы, спорт ардагері, ауылдың құрметті азаматы Леонид Михеевтың құрметіне арналған турнир өтті.

 

 

Спорт саласының ардагері Леонид Михеев 1956 жылы Ашхабад қаласында әскери отбасында дүниеге келген. Ата-анасының жұмыс бабына байланысты 1963 жылы Орал қаласына қоныс аударған. Көп кешікпей 1964 жылы Михеевтар отбасы түбегейлі Дариян ауылына келеді.

 

Ол 1974 жылы Дариян орта мектебін бітіріп, сол жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсіп, 1980 жылы аяқтаған соң әскерге аттанады. Әскер қатарынан келгеннен кейін 1981-1996 жылдары Приурал аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарады.

 

1996 жылдан осы кезге дейін Дариян мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қалтқысыз қызмет етіп, жуық арада құрметті демалысқа шықты.

 

Л.Михеевтің еңбегін үлгі тұтып, соңынан ерген ізбасарлары А.Косаренко, И.Варич, С.Золотов, О.Вербицкий, А.Макеев, О.Назаров, Д.Шохин, В.Астафьев, В.Иванченко, В.Тяпухин, Ф.Суханбердин, В.Бырко, А.Лебедев, В.Еременколар бүгінде әр салада еңбек етіп жүр.

 

Спорттық шараға Достық, Володар, Рубежин, Дариян ауылдарынан келген баскетболшылар қатысты.

 

Ойыншылар мен көрермендерге спорт мерекесін сыйлаған жарыс қорытындысында Дариян жастары ІІІ, дарияндық ардагерлер командасы ІІ орынды иеленсе, Достық командасы турнир жеңімпазы атанды.

 

Сондай-ақ жақсы ойын көрсеткен дарияндық Владимир Иванченко «Ең үздік ойыншы», рубежиндық Павел Колычев «Ең нәтижелі ойыншы», достықтық Арсен Ақжігітов «Ең үздік шабуылдаушы», володарлық Рустам Ажмұханов «Ең үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталса, жеңімпаздарға турнир иесі Леонид Михеев кубок пен медаль табыстады.